Тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту-басты талап

Кеше Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік, әкімшілік нысандарының қызметімен, құрылыс жұмыстарының барысымен және жеке кәсіпкерлік пен шаруа қожалықтардың жағдайымен таныстым.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жуалы ауданының тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелелері бойынша қабылдаулар өткіздім.
Кездесулерде Б. Момышұлы және Қарасаз ауылдық округтері әкімдерінің атқарған жұмыстары, алдағы жоспарлар туралы есептері тыңдалды.
Жалпы, қазір ауылдық округ әкімдіктерінің жұмысын ұтымды ұйымдастыру – аса маңызды. Тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту, мәселелерін шешу, жаңа жұмыс орындарын құру – басты талап. Бұл ретте бюджет қаражатынан бөлек, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға айрықша ден қою керек.
Ауыл әкімдері күніге кем дегенде бір отбасыға барып, жағдайымен танысып отыруы қажет. Барлық ауланың ахуалы бойынша талдау болуы тиіс. Әр отбасының тұрақты табысы болуы шарт.
Осы орайда жергілікті жердегі тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін кеңінен түсіндіріп, қолдау көрсетуге тиіспіз.
Бұл жөнінде кездесулерде жан-жақты айтылып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелді. Азаматтардың сұрақтарына жауаптар беріліп, мәселелер назарға алынды. Жеке қабылдауға жазылған тұрғындардың өтініштері заң аясында шешілетін болады.
Айта кетейік, бұған дейін Т. Рысқұлов ауданына жұмыс сапарымда дәл осындай форматта кездесулер өткізген болатынмын.

Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысының әкімі