ТҰРҒЫНДАР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕ — ЖІТІ БАҚЫЛАУДА
Жалпы, көбіне-көп мәселелердің басым бөлігі жергілікті халықпен өткен кездесулерде көтеріліп, тұрғындар тарапынан айтылады. Мемлекеттік саясаттың басым бағыты да дәл осы қарапайым халықтың талап-тілегін орындап, мәселелерін шешуге бағытталғанын ескерсек, тұрғындардың мәселесін шешу — біздің басты мақсатымыз болмақ.
Бүгін ауданымыздағы бірнеше ауылдық округтерді аралап, ондағы тұрғындар көтерген мәселелерді көзбен көрдік. Әсіресе, Белбасар ауылының тұрғындары ауылдағы дренаждық ұңғыманың әбден тозығы жетіп, қолданыстан шығып қалғанын айтқан еді. Салдарынан жерасты суы көтеріліп, жердің тұздануына әкеліп соғуда. Осыған орай, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерболат Досымбаевпен бірге Белбасар және Жаңа жол ауылдарындағы ескірген дренаждық ұңғымаларды көріп, оны қайта қалпына келтіру жағын қарастырдық.
Сонымен қатар, Д.Қонаев ауылында қазіргі кезде “Қазақмыс” корпорациясының есебінен ұңғыма қазу жұмыстары жүргізіліп жатқанын бұған дейін де айтқан болатынбыз. Бүгін дәл осы жұмыстардың аяқ алысын байқап, “АйКо” ЖШС-нің ұңғыманы бұрғылау жұмыстарын көріп қайттық. Одан бөлек, аталған ауылда бой көтеріп жатқан зәулім спорт нысанының қазіргі жай-күйімен де таныстық. Жауапты мердігерге жұмыстың сапасына жіті мән беріп, нысанды жыл соңына дейін аяқтап, ел игілігіне беру тапсырылды.