Тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылуда
Меркі ауданында ағымдағы жылдың алты айында 1 581 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында аудан әкімі Жорабек Баубеков есепті кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы өткен брифинг барысында атап өтті.
– 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба бағдарламасы аясында жұмыстар атқарылуда. 2022 жылы аталған бағдарламаға жалпы 397688,0 миллион теңге бөлінсе, оның ішінде республикалық бюджеттен 85810,0 миллион теңге, облыстық бюджеттен 23893,0 миллион теңге, аудандық жергілікті бюджеттен 287985,0 миллион теңге бөлініп отыр. Биылғы жылы облыстық басқарма тарапынан жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға берілген жоспар – 4020 адам. Бос жұмыс орындары бойынша берілген жоспар 2461 болса, 6 айда 1581 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 64,2 пайызды құрап отыр (облыстағы көрсеткіш 56,2 пайыз). Оның ішінде әйелдер – 706, 29 жасқа дейінгі жастар – 546. 2022 жылға қайтарымсыз грантқа 253 адамға 309,9 миллион теңге жоспарланып, сәуір айында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар беру қағидаларына сәйкес 12 адамға 14,7 миллион теңге берілді. Қалған 241 адамға 295,2 миллион теңге аталған қағидаларға қайта өзгеріс енгізілуіне байланысты толық дайын болған кезде берілетін болады. Ағымдағы жылы әлеуметтік жұмыс орнына берілген жоспар 95 болса, аудандағы 21 мекемемен келісімшарт арқылы 6 айда 99 адам жолдамамен жолданды, – деді Жорабек Нұрмергенұлы.
Сонымен қатар аудан әкімі сан саладағы салмақты көрсеткіштер мен оң нәтижелі істерге де кеңінен тоқталып өтті.
– Аудан аумағында 45 елді мекен бар. Оның 39-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген, яғни 86,7 пайызын құрайды, ал 6 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етілмеген. Елді мекендерді газбен қамтамасыз ету саласы бойынша аудан облыс деңгейінде алдыңғы қатарда тұр. Бүгінгі таңда Беларық, Қарасу және Ақкөз, Қайнар ауылдарын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамалық қорытынды алынды. Қазіргі таңда аталған жобаларға қаражат қарастырылып, бүгінгі күнге құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ аудандағы 45 елді мекеннің 40-ы орталықтандырылған ауыз сумен, ал 5 елді мекені орталықтандырылмаған ауыз сумен қамтылған. Жыл соңына дейін орталықтандырылған 41-ші елді мекен, яғни Аралқыстақ ауылында орналасқан ауыз су жүйесін ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы ауданның ауыз сумен қамтылу үлесі 91,1 пайыз болады деп күтілуде. Аталған жұмыстар ағымдағы жылдың тамыз айында аяқталады. Осы бағытта орталықтандырылмаған Кеңес ауылын ауыз сумен қамту үшін аудандық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, қазіргі таңда сметалық құжаттама әзірленуде. Сонымен қатар ағымдағы жылы Андас батыр ауылының ауыз су жүйесін қайта жаңғырту мақсатында республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, бүгінгі күнге құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Осы бағытта биыл тозығы жеткен Ақтоған және Меркі ауылдарының ауыз су жүйесін қайта жаңғырту мақсатында сметалық құжаттама әзірленуде. Оған қоса 45 елді мекеннің барлығы электр көздерімен жабдықталған. Тек Кеңес ауылдық округіне қарасты Жауғаш батыр ауылы электр қуатын көрші Қырғызстан Республикасынан алып отыр. Аталған елді мекенді электр қуатымен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 17 456,0 мың теңге қаражат қарастырылды. Бүгінгі күнге, облыс әкімдігінің мемлекеттік сатып алу басқармасы тарапынан мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, нәтижесі бойынша жобалаушы мекеме болып 15134,922 мың теңгеге «Корпорация «Асыл-Строй» ЖШС анықталды. Қазіргі таңда ЖСҚ-ы әзірленіп, мемлекеттік сараптамалық қорытындысы алынды, – деп аудан басшысы игі істер мен алдағы жоспарларды да атап өтті.
Өз сөзінде ол «Мейірімділік» жобасына да айрықша тоқталды. Айтуынша, аудандағы қамқорлыққа мұқтаж 60 балаға тұрғын үй алуға бөлім, мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдері бекітіліп, бүгінгі күнге 1 миллион 146 мың теңге есепшоттарына аударылыпты. Және бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Басқосу соңында аудан әкімі Ж.Баубеков бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сан сауалына толық жауап берді.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ, Ақжол газеті