Түркістан облысының «Ашық әкімдік» кеңсесінің қоғамдық қабылдау алаңында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев тұрғындарды жеке қабылдап, өтініш-тілектерін тыңдады.
Әкім орынбасарымен бетпе-бет кездесуге Сайрам, Жетісай, Келес, Ордабасы аудандарының тұрғындары арнайы келді. Шағымдар мен ұсыныстардың басым бөлігі мәдениет, спорт және ақпараттық салаларға қатысты болды. Атап айтқанда, БАҚ-қа қатысты ұсыныстар және мемлекеттік тапсырыс мәселелері бойынша өтініштер, облыстың құрметті азаматы мәртебесін беру, «Еңбек ардагері» төсбелгісін алу, мәдениет саласын дамыту, ауылдық шалғай жерге клуб салу, қоғамдық ұйым жұмыстарын жандандыру, асық ойынын Наурыз мерекесінде дәріптеу, футбол спортын дамыту жобалары ұсынылды.
«Тұрғындардың арыз-шағымы назардан тыс қалмайды» деген облыс әкімінің орынбасары жеке қабылдауда тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе хаттамаға енгізіліп, заң аясында тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты. Жауапты басшыларға мәселелерді зерделеп, шешуді тапсырды. Өтініштер бақылауға алынды.