ТҰРҒЫНДАРДЫҢ БАСЫМ БӨЛІГІ БІЛІМ ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ТҮЙТКІЛДЕРДІ ҚОЗҒАДЫ
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев «Ашық әкімдік» кеңсесінде кестеге сәйкес облыс тұрғындарын кезекті рет жеке қабылдады. Өзі жетекшілік ететін салаларға қатысты 20-ға жуық азаматтың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Қабылдауға келген тұрғындар сан алуан мәселе көтерді. Олардың басым бөлігі білім және денсаулық салаларына қатысты болды. Мәселен, түркістандық тұрғын ағасының денсаулығына қатысты дәрі-дәрмек алуға жәрдем сұрады. Оған қажетті мемлекеттік көмектің барлығы көрсетілетіндігі және демеушілер тарапынан қосымша қолдау қарастырылатындығы айтылды. Тағы бір азамташа жұмыс орнының ауысқанына келіспеушілігін білдірді. Бұл мәселе бойынша Бейсенбай Тәжібаев облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасарына анықтау жұмыстарын жүргізіп, заң аясында шешуді тапсырды.
Сайрам ауданының азаматтары мектеп жанынан 500 орындық қосымша ғимарат құрылысын жүргізу мәселесінің шешілмегенін айтты. Өтініш иелеріне қосымша ғимарат 300 орынға лайықталып салынатыны, соған орай ЖСҚ әзірлеу керек екені түсіндірілді. Бәйдібектік азамат бөбекжай балабақшасына мемлекеттен қосымша қаржы қарастыруды және құрылысы тоқтап қалған аяқжол мәселесін шешуді айтты. Ордабасы ауданының тұрғыны қолөнер шеберханасына мемлекеттік қолдау көрсетуді сұрады. Одан бөлек, білім және балабақша, Түлкібас ауданынан оңалту орталығын салу мәселелері қозғалды.
Қабылдауға Шымкент қаласынан да азаматтар келді. Олардың бірі туризм саласы бойынша ұсыныстарын жеткізсе, енді бірі Түлкібас ауданынан 150 орындық мектеп салу жобасын қолдауды сұрады.
Облыс әкімінің орынбасары көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын жеткізіп, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді. Кездесуде айтылған барлық мәселе хаттамаға енгізіліп, заң аясында шешу бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі