Тұрғындардың көтерген мәселелері партия назарына алынды
Республикалық мобильді қоғамдық қабылдау Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданының Ақыртөбе және Құмарық ауылдарында өтті.
Қоғамдық қабылдауға Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты Сағындық Жылқыбаев, «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Есеев, басқарма басшылары мен облыстық және аудандық мәслихат депутаттары қатысты.
Шара алдымен Батыс Еуропа — Батыс Қытай авто дәлізінің бойында орналасқан Ақыртөбе ауылында өтті. Бүгінде 2 500-ден азамат тұратын ауылдың айналысатын негізгі тіршілігі егін және мал шаруашылығы. Ондағы тұрғындар жайылым жер, емхана салу, күре жол бойынан мал өткелін салу сынды мәселелерді көтерді. Сондай-ақ, ауыл халқы мектептің спорт залын үлкейту, банкомат салу сынды өтініштерін де жеткізді.
– Шынын айту керек, бұрын соңды мұндай кездесу ауылымызда болған емес. «AMANAT» партиясының бастамасымен ауылымызға барлық ауданның басшылары, облыс орталығынан басқарманың өкілдері келіп мәселелерімізді тыңдап жатыр. Ауылда түйіні тарқатылуы тиіс проблемалар жоқ емес, бар. Біз үлкен жолдың бойында орналасқандықтан малымызды жолдың арғы жағына шығаруымыз қажет. Соған арналған көпіріміз кішкентай. Сондай-ақ, ауыл азаматтарының ары-бері өтуіне арналған көпір тым шеткерірек орналасқан. Қабылдау барысында осындай мәселелерді жауапты мамандарға тікелей жеткізіп, тиісті жауап алдық, – дейді Ақыртөбе ауылының тұрғыны Әбілқасым Қойбердиев.
Келесі кезекте аманаттықтар мен жергілікті әкімдіктің өкілдері Құмарық ауылдық округі тұрғындарымен тілдесіп, жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді. Құрамына Құмарық, Алғабас, Қаракемер ауылдарына кіретін елдімекенде тұрғындар бірқатар өтініштерін ортаға салды. Атап айтқанда, пай үлесін алу, шаруашылыққа қажетті жер алу, ауыларалық мәндегі жолды жөндеу бойынша ұсыныстарын білдірді.
Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов қоғамдық қабылдау барысында көтерілген ұсыныстардың оң шешілуі партия назарына алынатынын жеткізді. Партия бұл орайда жергілікті әкімдікпен бірлесе жұмыс жасап, жұмыстың жүйелі жүзеге асырылуына ықпал ететін болады.
– «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріхалықпен арадағы үздіксіз байланысты қамтамасыз ететін бірден-бір көпір болып отыр. Сондай-ақ, біз әрдайым шалғайдағы елді мекен тұрғындарына қолжетімді мүмкіндіктер жасау, оларың мұң-мұқтажын тыңдау мақсатында республикалық мобильді қоғамдық қабылдау жұмысын да ұйымдастырып келеміз. Ауыл тұрғындарының бүгін көтерген мәселелері партия назарына алынып, оң шешілуіне ықпал ететін боламыз, – деді Дауыл Бейсенқұлов.
Айта кетерлігі, өңірде ағымдағы жылдың 10 айында қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 3253 өтініш түсіп, оның 2016 немесе 62% оң шешілуіне тікелей ықпал етті. Сондай-ақ, жыл басынан бері өңірде 83 мобильді қоғамдық қабылдау өткізіліп, оларға 1449 адам келіп, 223 өтініш білдірсе, оның 57 пайызы оң шешімін тапты.