ТҮРІ ҚАЗАҚ, ТІЛІ МАЗАҚ ЖАНДАР ҰЛТҚА ҚАУІПТІ
Ол ашынып көп нәрсе айтты. Есімде қалғандары осылар ғана.
Ол күрсініп мұңын шағып жатқанда менің есіме Америка құрлығын алғашқылардың легінде отарлауға, қырып жоюға күш салған Англия королінің мына сөзі түсті. Ол кемемен «жаңа жерге» аттанып бара жатқан жаулаушыларға: «Олармен (үнділермен) соғыса беру дамуды кешеуілдетеді. Ойын-сауық үшін ақшаны аямаңдар. Көңілдерін көтеріңдер. Темекі мен ішімдікті тегін таратыңдар. Ағылшын тілін үйренуге құлық танытқандарды қара жұмысқа салмаңдар. Оларға үнемі қолдау білдіріңдер. Билікке әкеліңдер. Жеңілдік жасаңдар. Сонда бәрі оңай шешіледі. Оларда ұлт болмайды, халқын аямайды» деп шығарып салыпты. Неткен оқымысты жауыз еді әлгі. Өзіндік өркениеті, салт-дәстүрі бар үндістер небәрі елу жылдың ішінде тілінен, дінінен айырылып, мүсәпір болды да қалды. Ақыр аяғында ассимиляцияға ұрынып, жойылды.
Ащы да болса айтайық, бізде үндінің кебін киюге аз-ақ қалған халықпыз. Отарлаушылардың саясаты біреу ғана: Ол – ұлтсыздандыру. Ол үшін тілді құртса жетіп жатыр. Оған біздің елде жүздеген мысал келтіруге болады. Әлі күнге дейін ана тілін білмейтіндер, білсе де құрмет көрсетпейтіндер жоғары жақта жетіп артылады. Кейбіреуі тоқтаусыз өсіп барады. Ал ең сорақысы, Тәуелсіздікпен түйедей құрдас жастардың ішінде Мәскеуге қарап «ұлитындар» көп. Құлық болмаса, миллиардтаған теңгенің де кәдеге жарамайтынын тілдерді дамыту үшін жасалған тәжірибе көрсетті. Қазақ тілді анасына теңейді. Бұл бекер емес болар. Демек, тілден мақұрым қазақтан тілді құрметтейтін бала туады деу құр сандырақ! Ендеше тіл тағдыры әлі талай сынаққа түседі деген сөз! Ол үшін мына мысал жеткілікті.
Тіл үшін отқа да, суға да түсіп қартайған Мұхтар Шаханов 1998 жылы жазда Тайландқа барыпты. Мұхаңды Тайландтың танымал жазушысы күтiп алып, түскi астан соң, хайуанаттар паркiне апарады. Біздің тілдік ахуалдан хабардар ма, әлде кездейсоқтық па, Мұхаңа сондағы күтімдегі үлкен ұрғашы арыстанды көрсетiптi. Арқалы ақын арыстанның қасына жақындаса, әлгi ұрғашы арыстанды бес-алты шошқаның торайы таласып емiп жатыпты. Сөйтсе, бұл ұрғашы арыстанды тәжірибе жүргізу үшін кiшкентайынан шошқаның сүтiмен асыраған екен. Есейе келе бұл арыстан өзінің айбарынан, қайратынан, ата-бабасына тән қасиеттерден жұрдай болып құр сүлдері қалыпты. Біздегі кей азаматтар осы арыстанға ұқсайды. Түрі қазақ, тілі мазақ!