Түрік ұстаздары қазақтың баласындай болып кеткен – Дархан Өте
«Қазақтың баласына әлемдік деңгейде білім, тәрбие берген түрік ұстаздары — жиырма жылдан астам уақыт аталған мектептерде қызмет етіп келе жатқан, яғни қазақтың баласындай болып кеткен азаматтар», – деп пікір білдіреді Халықаралық «Білім-инновация» қоғамдық қорының Президенті Дархан Өте ұлттық арнадағы «Басты тақырып» бағдарламасында.
Бағдарлама барысында мемлекет басшысынан саяси баспана сұрауға мәжбүр болған Керекудегі қос түрік ұстаз Демирел Осман мен Алтынташ Исаға қатысты жағдайға байланысты пікір білдірген Д. Өте аталған қос азаматтың құжат мерзімдерінің аяқталуына байланысты шарасыз күй кешіп отырғандарын және ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бұл мәселені басынан қадағалап отырғанын жеткізді. Сөз барысында Д. Өте түрік ұстаздары ҚТЛ мектептерінің білім аренасында бренд болып қалыптасуына күш салған жандар екенін алға тартып, тоқсаныншы жылдарда болған тоқырау кезеңінің өзінде қазақ жастарына қолдау көрсеткен азаматтар екенін атап өтті. Дегенмен, қазіргі жағдайда түрік елшілігі тарапынан Қазақстандағы түрік ұстаздарына дұрыс қарым-қатынас жасалмауының кесірінен олардың Түркияға немесе басқа шет мемлекеттерге кетуге мәжбүр болып отырғандарын айтты.
Дархан Өте «Білім-инновация» лицейлерінің сыртқы үкіметтермен немесе жеке тұлғалармен ешқандай да байланысы жоқ екенін және саяси мәселелердің мектептерге еш қатысы жоқтығын ресми түрде мәлімдеді. Аталған мектептер Қазақстанның білім беру стандарттарына сәйкес жұмыс жасап жатқанын, тікелей Білім және ғылым министрлігіне қарайтынын алға тартты.
Сондай-ақ, сұхбат барысында бүгінгі «Білім-инновация» лицейлерінің жетістіктерімен бөліскен қор басшысы аталған лицейлердің биылғы қабылдау емтихандарында 30 мыңнан астам үміткердің бағын сынағанын және бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда артқанын алға тартты. Сонымен қатар, «Білім-инновация» лицейлерінің ұстаздары ҚР БҒМ бұйрығына сәйкес, негізгі сыныптарға арналған жаратылыстану бағытындағы оқулықтарды жаңарған бағдарлама бойынша ағылшын тілінде жазып шыққандарын және бұл оқулықтар қазақстандық өзге де мектептерге қолданысқа берілетіндігіне үмітті екенін атап өтті.
Сабина Сайлаубай