Туризм — Қазақстан мен Ресейді жақындата түседі
Қызылжарда — Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті
Үстіміздегі жылдың 8-9 қараша күндері Қызылжар өңірінде «Қазақстан мен Ресей туризмін дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері» тақырыбында шекаралас екі елдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Оған Қазақстан мен Ресей Федерациясының президенттері Н.Ә.Назарбаев пен В.В. Путин, шекаралас облыстардың әкімдері мен губернаторлары, министрлері мен ведомство басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Форумға жан-жақты әзірлік жасалды
Облыс орталығында шекаралас екі ел арасындағы ынтымақтастық пен іскерлік байланыс аясын кеңейте түсетін «Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері» тақырыбындағы XV форумға дайындық шаралары қызу жүргізілді. Жолдар қалпына келтіріліп, Қызылжарға келетін қонақтар орналасатын 17 қонақүйге ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, «Telegraph» және «Restoration» демалыс кешендері салынды. Форумға қатысушыларға осы қонақүйлер мен 7 пәтерлер бюросы қызмет көрсетті.
Қаланың 12 көшесіне 3,5 мың электр қуа-тын үнемдейтін шамдар орнатылды, көне ғи-мараттардың қасбеттері, аулалары жаңартылды, заманауи 9,12,16 қабатты тұрғын үйлер бой көтерді, жаңа скверлер пайда болды, көшелерге шағын сәулеткерлік мүсіндер қойылды.
«Жас Өркен» шағынауданындағы жаңа орталықтар қызылжарлықтардың мақтан тұтатын орындарына айналды. Өңіраралық ынтымақтастық форумының ауқымды көрмесін өткізуге таяуда ғана пайдалануға берілген Теннис орталығы таңдап алынды..
Форум аясындағы кездесулер жаңадан іске қосылған ІТ-орталығы бар Оқушылар сарайында өтті. Онда қонақтар физика, электромеханика, робототехникаға басымдық берілген заманауи бағдарламалау және графикалық дизайн зертханаларын, «TecQuipment» ғылымдарын, анимациялық студияны, голография, каркасты-вакуумды кинотеатрды, «Lexsolar» электромобильдерін, адамнан аумайтын «NAO» құлтемірлерін және басқа да технологияларды тамашалауға мүмкіндік алды.
Соңғы 2 жылдың ішінде Қызылжар өңіріндегі туристік аймақтарға апаратын тасжолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 4 млрд. теңге бөлініп, ол толықтай игерілді. Бұл жұмыс алдағы жылы да жалғасын тауып, бұл мақсатқа тағы 3 млрд. теңге бағытталмақ. Ресейдің Омбы, Түмен және Қорған бағытындағы шекараларына дейінгі тасжол учаскелеріне жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үшбағыттағы шекаралас жолдар келесі жылы толықтай аяқталады.
Петропавл халықаралық әуежайында, жолаушылар терминалында жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының арқасында ол барлық үлгідегі ұшақтарды қабылдай алатын дәрежеге жетті.
Бір жыл ішінде қонақтарға қала бойынша қызмет көрсететін, мейрамханалар мен қонақүйлерде, мұражайларда, экскурсияларда жұмыс істейтін 180 ерікті жас оқудан өткізілді.
Форумға әзірлік кезінде қалаға кіреберістегі айналма жолдың қақ ортасына еліміздің іргесін бекемдеп, ентелеген жаумен күресте ерен ерлік көрсеткен жерлес батыр бабамыз Қожаберген жырау Толыбайұлына қоладан еңселі ескерткіші орнатылды, осы жердегі теміржол көпірі кеңейтіліп, жаңартылды, «Солтүстік жұлдызы» жағажайы ұлғайтылып, абаттандырылды. Аталмыш шаралар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру жоспары бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында атқарылды.
Қаладағы мейрамханалар да форум қонақта-рына қазақ, орыс, украин, грузин және Еуропа халықтарының ас-мәзірін әзірлеу үшін, аспашылар мен даяшыларға арнайы мастер-кластар ұйымдастырылды.
Форум күндері Солтүстік Қазақстан облы-сының мұражайлары қонақтарды өлке тарихына қатысты бірегей құжаттармен, сирек кездесетін жәдігерлермен таныстырды.
С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры, Н.Погодин атындағы орыс драма театры және облыстық қуыршақ театры үздік қойылымдарын жұрт назарына ұсынды, кинотеатрларда отандық және РФ-мен бірлесіп түсірілген фильмдер көрсетілді.
Көрмедегі «Арландар», брифинг және тарихи жәдігерлер
Қызылжар төрінде өтіп жатқан форум туристік көрмеден бастау алды. Теннис орталығындағы шараға республикамыздың 12, Ресей Федерациясының елімізбен шекаралас 13 облысындағы 40-тан астам туристік фирма қатысып, көрме қонақтарына өз өңірлерінің туристік әлеуеті жайында толығырақ тың мағлұмат берді, мүдделі тұлғалармен тікелей әңгімелесті, жарнама материалдарын таратты. Әсем әрі танымдық тұрғыдан шебер безендірілген көрме павильондарын аралап көрушілер қатары қалың болды. Көне Түкістанның тарихи жәдігерлері, Бурабай мен Баянауылдың тұмса табиғаты, Астана мен Алматының қайталанбас көрікті жерлері, көрші Ресейдегі Алтай республикасының ұлттық тағамдары, Ямал-ненец автономды округінің ерекше безендірілген шатыры — бәрі жұрт назарына ұсынылды. Әсіресе, қазақстандық «Арлан» театрының бойы 2 метрден асатын нар тұлғалы жігіттері мен Қыз Жібек пен Баян сұлу сияқты бойжеткен қыздары көрме қонақтарының көзайымына айналды. Арландықтар батырларға тән жауынгерлік және ұлттық киімдерімен қазақ халқының бар болмысын танытқандай әсерде қалдырды. Олармен бірге фотосуретке түсуге ниет білдірушілер саны 3 күн бойы азайған емес.
Аталмыш көрмені ашқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, РФ мәдениет министрлігінің туризм жөніндегі федеральдік агенттігінің басшысы Олег Сафонов екі ел арасында туризм саласын дамытудың маңыздылығы мен қолға алынып жатқан шараларға тоқталды, форумға қатысуға ниет білдірген туристік фирмаларға ризашылықтарын білдірді.
Шара кезінде Орталық коммуникациялар қызметі көрмені ұйымдастырушылармен брифинг өткізіп, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Осы күні Қазақстан-Ресей іскерлік кеңесі «Туризмді дамытудағы кәсіпкерліктің рөлі», «Туризмді цифрландырудағы заманауи бағыттар», «Дестинация маркетингі. Шақырулар мен мүмкіндіктер» тақырыптарында панельдік сессиялар өткізді.
Бұл көрмені екі ел президенттері Н.Ә.Назарбаев пен В.В.Путин де аралап, оның ұйымдастырылуына, танымдық маңыздылығына жоғары баға берді.
Республиканың орташа көрсеткішінен жоғары
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ-дан басталды.
Ұлы Отан соғысы кезінде Ресейден қоныс аударып, рация сияқты қорғаныс мақсатында құрал-жабдықтар шығарып, фашизмді жеңуге ерекше үлес қосқан зауыт бұл күндері темір жол, телемеханика, байланыс және қауіпсіздік құралдарын, мұнай-газ саласына арналған кешендер, «Отау-ТВ» қондырғыларын шығарумен айналысады. Таяуда 3Д принтрларі өндірісін жолға қойды.
Елбасымен өндіріс орнындағы кездесуде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 9 айының қорытындысы жөнінде баяндады.
— Облысымыз күзгі жиын-терімді аяқтап, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосты. Биыл ауа райының қолайсыздығына қарамастан, 19 центнер өнімділікпен 5,3 млн. тонна астық, 10 центнер берекелілікпен 927 мың тонна майлы дақыл жиналды. Экспортқа бағытталған өнім мол сұранысқа ие. Есепті кезеңде 180,5 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі шығарылды. Өсім — 1,8 пайыз. Жыл соңына дейін 111 пайыздық өсіммен 218 млрд. теңгенің инвестициясы салынады деп болжануда, — дей келіп, Құмар Іргебайұлы биыл 1500 пәтер пайдалануға берілетіндігін, жалпы өңірлік өнімнің құрылымында шағын және орта бизнестің үлесі 25,4 пайызды құрайтындығын, оны 30 пайызға жеткізу көзделіп отырғандығын атап айтты. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы техникаларын шығару, оның ішінде «KLAAS» комбайндарын, тракторлар мен себу кешендерін құрастыру жолға қойылды. Келесі жылы 100 астық жинайтын комбайн, 50 трактор, 50 себу кешенін шығару жоспарлануда. Үстіміздегі жылы «Жас Өркен» және «Солнечный» жаңа шағынаудандары бой көтерді. Соған орай 635 ескі үйлер сүріліп, олардың орнына 2 мыңнан асатын пәтері бар көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар салынды. Елбасының тапсырмасы бойынша республикада теңдесі жоқ көпбейімді ІТ-орталығы пайдалануға берілді. Онда бір мезгілде 1800 бала өздері қалаған үйірмелерге қатысып, жаңа технологиялармен таныса алады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған Теннис орталығы халықаралық деңгейде жарыстар өткізуге мүмкіндік береді.
— Қазақстан мен Ресей арасындағы өңірара-лық ынтымақтастық форумының Солтүстік Қазақстанда өткізілуі біз үшін зор мәртебе. Өңірімізде туризмді дамытудың мүмкіндіктері мол, — деді Құмар Ақсақалов.
— Облысты дамыту бағытында атқарылған жүмыстар көрініп тұр. Өңірдің даму қарқыны республиканың орташа көрсеткішінен жоғары, — деді әкімнің баяндамасын тыңдаған Елбасы.
Президенттерді «Thespian» қарсы алды…
«Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері» тақырыбындағы XV өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысы Оқушылар сарайында өтті.
Ғимараттағы бас алаңда екі ел Президенттерін әлемге әйгілі гуманоидты құлтемір – «Thespian» қарсы алды. Өздігінен жүретін, сөйлейтін, тіпті, күле алатын ол 17 тіл біледі. Ұлыбританиядан жеткізілген «Thespian» форумнан кейін Оқушы-лар сарайының меншігінде қалатын болады.
Отырысты кіріспесөзбен ашқан Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев екі ел арасында ынтымақтастық форумы құрылғаннан бері 200-ден астам құжаттар қабылданып, келісімшарттарға қол қойылғанын, соның нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық саладағы байланыс нығая түскенін атап айтты. Мысалы үстіміздегі жылғы 7 айда екі ел арасындағы сауда айналымы 11 млрд. АҚШ долларын құраған. Қазақстан мен Ресейдің 9 мың кәсіпорны бірлесе жұмыс істеп, экономиканың барлық салаларын қамтып отыр. Алдағы уақытта тағы 50 жобаны жүзеге асыру қарастырылмақ.
— Әлемде экономика саласына құйылатын қаржының 10 пайызын туризм иеленеді. Сөйтіп ол экономиканың өсімін қамтамасыз етеді. Сондықтан осы бағытты дамыту маңызды болып табылады. Одан Қазақстан мен Ресей де шет қалмауға тиіс. Екіжақты туризмді дамытуға бізде барлық жағдай бар, — деді Н.Ә.Назарбаев.
— Туризм саласында өзара тиімді ынтымақтамстықты дамыту қажеттігі айқын. Энергетика, ғарыш, білім мен мәдениет, спорт салаларында байланысымыз арта түсуде. Ресейге жыл басынан бері 50 өңірлік делегация келіп, ынтымақтастық аясын кеңейте түсті. Жыл сайын Ресейге 3,6 млн, қазақстандық, Қазақстанға 3 млн. ресейлік туристік сапармен келеді. Солтүстік Қазақстан облысы мен Алтай республикасы арасында туристік байланысты дамытуға мүмкіндік зор. Онда түркі тілдес қазақ ұлтының аз емес екендігін сіздер жақсы білесіздер. Осындай ынтымақтастықтың нәтижесінде 400-ден астам меморандум мен келісімге қол қойылды. Бүгін де бірқатар келісімге қол жеткізіледі. Осының өзі өзара тиімді туризмді дамыта түседі деген ойдамын, — дей келіп, В.В.Путин келесі жылы осы өңірмен көршілес Омбы жерінде өтетін форумда кездесуге шақырды.
Жиында туризм саласын дамытудың түрлі жолдары ұсынылды. ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы Азияның қақ ортасында тұрғандықтан, Қазақстан туризмді дамытуға қолайлы аймақ екенін атап айтып, экологиялық, іскерлік, қажылық, санаторлық-курорттық туризмді дамытудың маңыздылығына тоқталды, туризмге байланысты логистикалық дәлізді кеңейту, шекарааралық кедергілерді жеңілдету сияқты ұсыныстарды алға тартты.
РФ Экономикалық даму министрі Максим Олешкин жыл сайын туризмге деген сұраныстың артып келе жатқандығын, аталмыш сала шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасайтындығын тілге тиек етіп, екі ел де туризмнің ЖІӨ-дегі үлесін арттыруға мүдделі болып отырғанын сөз етті.
Имантау-Шалқар — облыстың інжу-маржаны
Пленарлық отырыста Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Қызылжар өңірінің туристік әлеуетіне тоқталды.
— Біздің облыс солтүстіктің қақпасы саналады. Өңір республика көлемінің 4-ақ пайызын иеленсе де, жыл сайын елдегі астықтың үштен бірін, майлы дақылдардың 40 пайызын өндіреді. Ауыл шаруашылығының таза экологиялық өнімдері төк Қазақстанның басқа өңірлеріне ғана емес, Еуропа және оңтүстік-шығыс Азия елдеріне жөнелтіледі. Сондықтан экологиялық және белсенді туризм облыстағы басым бағыттардың бірі болып табылады, — дей келіп, Құмар Іргебайұлы туристік әлеуетке тоқталды. Өңір басшысының айтуынша, Айыртау ауданындағы Имантау-Шалқар курорт аймағы — Солтүстік Қазақстан облысының інжу-маржаны саналады. Ол републикамызда туризмді дамытудың 10 басым бағыттарының қатарына енген. Экологиялық емдік қасиеті мол Имантау және Шалқар көлдері осы аймақта орналасқан. Пайдалылығы жағынан Шалқар көлі теңіз суымен сәйкес келеді. Мамлют ауданындағы Меңгесер көлі минералдылығы және емдік қасиеті жағынан Израильдегі Өлі теңізбен пара-пар саналады.
Тарихи туризмді бағалаушылар үшін облыста ғылыми тұрғыдан археология нысандары аз емес. Олардың ішінен Ботай қонысын бөле-жара атауға болады. Әлемнің бірнеше елінің ғалымдары бірлесе жүргізген зерттеуінің арқасында осы жерде б.д..д. IV ғасырда жылқы малының қолға үйретілгені дәлелденді. Аталмыш нысан республиканың Қасиетті жерлері картасына енгізіліп, мемлекеттің қорғауына алынды.
Елбасының тапсырмасы бойынша, Имантау-Шалқар курорт аймағының жеке даму жоспары әзірленіп, Астана, сол сияқты Ресей Федерациясы өңірлері бағытындағы жолдарға күрделі жөндеу жүргізілді. Осындай көліктік инфрақұрылымды жақсарту туристердің жол жүру ұзақтығын 30 пайызға азайтты.
— Туризмді дамытуға байланысты қолданылған барлық шаралардың арқасында Қызылжар өңіріне Ресейден келетін туристердің саны 2 есе артты. Келесі жылы бұл көрсеткіш тағы да еселене түсетіндігіне сенімдімін. Осының өзі шекара бекеттеріне салмақ түсіре бастады. Жаз айларында шекарада кезектің өсе түстендігі байқалады, — дей келіп, облыс әкімі шекарадағы бақылау бекеттерінен өту процесін оңтайландыруды ұсынды.
Шекара бекетінен кедергісін азайт!
Форумда РФ Астрахань облысы губернаторының м.а. Сергей Морозов, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, РФ Алтай Республикасының губернаторы Алексей Бердников туризмді дамытуға байланысты өз ойларын ортаға салды.
— Біріккен ұлттар ұйымының болжамы бойынша, 2030 жылға қарай әлемнің 1,8 миллиардқа жуық тұрғыны тарихи ескерткіштерге және курорттық аймақтарға саяхат жасайды. Қазақстан мен Ресей де бұл саланы дамытуға мүдделі болуы керек. Туризмді ілгерілету үшін екі елдің туристері шекара бекетінен кедергісіз өтуі тиіс. Сондай-ақ, Каспий теңізі мен ғарыштық туризмнің әлеуетін кеңінен пайдаланғанымыз жөн, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ресей тарапы да осы салада бірлесе жұмыс істеуге құлшыныс танытуда. Бүгінде екі елдің арасында «Үлкен Алтай» сияқты ортақ жобаларды жүзеге асыру қолға алынбақ. Владимир Путин ортақ тарихы тереңге тамыр тартқан көрші мемлекеттер мұнымен шектелмей, қолда бар мүмкіндікті пайдалану керектігін атап өтті.
— Қазақстан мен Ресейдің шекаралас облыстарының халқы ортақ тарихқа бай. Сондықтан жергілікті тұрғындар екі мемлекеттің тарихын терең зерттеу, әдет-ғұрыптарымен кеңінен танысу үшін туристік бағыттар құруына болады. Екі елдің арасында жыл сайын 6 миллионнан астам адам қатынайды. Бұл көрсеткішті ұлғайту керек, — деді Владимир Путин.
Жиында айтылғандай, АҚШ-та ғарыштық туризм мықтап қолға алынған. Былтыр ондағы ғарыш айлақтарын көруге бір миллионнан астам адам ниет білдірген. Қазақстанда бұл тәжірибені Байқоңырда енгізуге болатады. Отандық ғарыш айлағынан жыл сайын орта есеппен 24 зымыран ұшырылады. Байқоңыр зымыранның ұшырылғанын көргісі келген 2 мың адамды сыйдыра алады.
Форумда Н.Ә.Назарбаев пен В.В.Путин Қазақстан мен Ресейдің 2019-2021 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына, екі тарап «Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алу туралы» келісімшартқа өзгеріс енгізу жөніндегі хаттамаға және тағы да басқа құжаттарға қол қойды.
Нұрсайын Шәріп