Түркі әлемінің мәдени астанасы атанған Түркістан бүгін өз жұмысын қорытындылады
Түркі халқының ошағы атанып кеткен Түркістан қаласында «Түркістан — Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының салтанатты жабылуына арналған «Түбі бір түркілер» хореографиялық-пластикалық қомпозициясымен бастау алған конценрттік бағдарламамен басталған Гала-концерт өтті.
Облыс әкімі Ж.Түймебаев сөз кезегінде «Түркі әлемінің бүгінгі замандағы кемеңгер көшбасшысы атанған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «ТҮРКСОЙ» түркі әлемінің ЮНЕСКО-сына айналуы тиіс» деген болатын. ТҮРКСОЙ ұйымы түркі әлемінің мәдени астаналарын таңдау жобасын 2012 жылдан бері жүзеге асырып, Түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сына айналды. Өткен жылдың соңында ТҮРКСОЙ Тұрақты Кеңесінің 34-ші отырысында Түркістан қаласын Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы деп жариялау жөніндегі тарихи шешім қабылданды. Себебі, Түркістан – түркі қағанаттарының туы тігілген Орда. Түркі халықтарының орасан зор оғландары ақ кигізде хан көтерілген қасиетті жер. Түркі әлемінің маңызды жобасы Елбасының «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» мақаласымен керемет астасып, жыл бойында ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін көптеген шаралардың жоғары деңгейде өткізілуіне тікелей ықпалын тигізді»,-деп барша жиылған жұртшылықты бүгінгі айтулы күнмен құттықтады.
Өткен жылдың соңында Әзірбайжан Республикасының Шеки қаласында өткен ТҮРКСОЙ Тұрақты Кеңесінің 34-ші отырысында Түркістан қаласы — Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы болып бекітіліп, жыл бойы түркітілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыстар мен достықты нығайту, түркілік мәдениет пен өнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, оны әлемге таныту мақсатында 40-қа жуық түрлі іс-шаралар ұйымдастырылған болатын.
Аймақ басшысы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Қасейінов Дүйсен Құрабайұлына алғыс білдіріп, марапаттаса, Түркия Республикасы Мәдениет және туризм вице министрі Хусейн Яйман мырзаға Қазақстан-Түркия достығы мен ынтымақтастығын дамытқаны үшін төсбелгі тақса, ал қалған түркі елдерінен келген қонақтарға облыс әкімінің арнайы сыйлығын тарту етті.
Концерттің жабылу салтанатында 35-ші Тұрақты Кеңесі отырысының шешімі бойынша 2018 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы атанған Түркия Республикасы Кастаному қаласына «Түркі әлемінің мәдени астанасы» символы мен туы тапсырылды. Мерекелік шарада Әзірбайжан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттері мен Ресей Федерациясының Татарстан, Башқұртстан, Саха-Якутия, Тыва Республикалары және Қырымнан арнайы келген өнер ұжымдары өз өнерлерін көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына бөленді.
Іс-шара Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония, облыстық опера және балет театрының әншілері мен барлық қатысушылар бірлесе «Түркістан — түркі әлемінің астанасы» атты әнін шырқаумен аяқталды. Жиналған қауымның айтуынша, бұл концерттен жақсы әсер алдық, алда тағы осындай іс-шара жиі ұйымдастырылып тұрса екен деп жылы лебіздерін білдіре кетті.
Айдана. Мұсабаева, Түркістаннан