Түркі әлемінің рухани Көшбасшысы

Көк түркілердің билігі тұсында ұлы Білге қаған тасқа былай қашап жазып кеткен екен: «Тәңір қолдағаны үшін менің бағым жанып, қаған болып таққа отырдым. Таққа отырып, үнемі кедей мен жарлының басын қостым, пақыр халықты бай қылдым».

Бүгінге дейін ұлы түркі тарихына куәлік ететін бұл жазбалар түркі халықтарының ата заңы, кодексі іспетті. Расында, кім болсаң да, не істесең де, қандай  қызмет, еңбек атқарсаң да адам баласының маңдайына жазылған тағдырын Тәңір ғана белгілейді. Ол қаламаса, ешкім патша бола алмайды, хан да, құл да болмайды!

Бүгін Көк түркілердің көк байрағына ие болып, Түркі дүние­сінің тегеурінді көшбасшы­сы ретінде танылған Нұрсұлтан Назарбаевтың да жазбасы Көктің қалауы­мен жазылған. Тәңірдің жаз­ғанын ешкім бұза алмайды.

Тарихқа жүгінейік. 1990 жыл. Дүние жүзін тұрақсыздық жайлап, Кеңес Одағының көбесі сөгіліп, ыды­рап жатқан кез. Кей жерлерде қан­төгіс орын алған заман. Сол жыл­дың 19-20 қаңтары күндерін­де Әзер­байжан азаматтарының қаны төгілді. Әзербайжандағы оқиға­лардан бұрын 1986 жылдың 16 жел­тоқсанында Қазақстанның Алматы қаласында азаттықтың алғашқы жұлдызы жарқ етіп, Кеңес Одағындағы ұлттар­ға жаңа леп алып келді. Ол кезде де қан төгіліп, еркіндікке деген ұмтылыс пен әділет­сіздікке қар­сы наразылық күш­пен басылды. Алай­да, қазақ­тар да, әзербайжандар да азаттық­тарына бұғау салғысы келген қанды қолдарды, бесігінде тұншық­тырылған алғашқы азаттық әуенін ұмытпады.

1991 жылғы 1 желтоқсанда Қазақ­­станда жалпыхалықтық прези­денттік сайлау өтті. Рес­пуб­лика аумағындағы сайлау учаскелеріне 9 961 242 азамат өз дауысын беру үшін барды. Олардың 8 788 726-сы, яғни 88,23%-ы сайлауға қатыс­ты. Сайлау нәти­­жесіне сәйкес Н.Ә.Назарбаев үшін 8 681 276 сайлаушы, яғни сайлаушылардың 98,78%-ы дауыс берді. Арада аз уақыт өткенде, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Рес­публикасы өз тәуелсіздігін жария­лаған елдер қатарына енді. Осы ретте Көк түріктердің тұңғыш дипломаты Тоныкөктің тастарға жазып бізге аманат етіп кеткен кеңесі тағы еске түседі: «Елтеріс қаған жеңбесе, оның артынан мен жеңбесем ел де, халық та жоқ болар еді. Ол жеңгендіктен, артынан мен де жеңгендіктен елім ел болды, халқым халық болды».  

Сол уақыттан бері өткен 25 жыл ішінде қазақстандықтардың маңдайына бақытты да, қиын да күндер жазылыпты. Осыған орай, мен де Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлап отырған туыс Қазақстанның жетістіктерін атап өтсем деп едім.

Бұрынғы кеңестік республикалармен байланыстар үзіліп, бұрынғы алып ел тоқырауды бастан кешіріп жатқан уақытта Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көреген саясаты мен парасатты ұстанымының арқасында өз халқы мен елін шетін сынақтардан аман алып шықты!

Ол мұндай тылсым күш-қабі­летті қайдан алды? Мұндай үлкен сынақтарға қай жерде дайындалып, қалай шыңдалып шықты? Ол өз күш-қуатын темірден алды.  Жастығының алғашқы кезеңінде Тәңір оған темірші болуды жазды. Еңбек жолын бастаған Теміртау қаласындағы металлургия зауытында домна пешінің жанында өткізген жылдарда ыстық оттың алауынан ерік-жігері шыңдалып, өзі де әбден шынықты. Ұлы мақсатқа жету тек жігер мен тағдырға ғана емес, сонымен бірге, кісінің шығу тегіне де байланысты.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың сегізінші атасы Қарасай батыр Алтынайұлы (1589-1671) атақты қол­басшы болған. Ол қазақтардың жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық күресінде көзге түсіп, елінің намысын бермей, жаумен аямай айқасқан. Қолбасшының қайсарлығы мен ерлігі кейінгілер үшін батырлық пен жеңістің символына айналды. Батырдың ұрпақтарының бірі Әбіштің атасы Назарбай еді. Бүгін Назарбаев дүниеге келген Шамалған ауылында «Назарбайдың диірмені», «Назарбай жазығы» сияқты жер атаулары халық арасында әлі де қолданылады.

Ата-бабаларының әдет-ғұ­рып­­тарына, қазақ хандарының мем­ле­кеттілік дәстүрлеріне берік Нұрсұлтан Назарбаев қысқа уақыт ішінде елінің үлкен жетістіктерге жетіп, өркендеуі үшін алдымен мемлекеттің астанасын қолайлы жерге көшіру туралы шешім қабыл­дады. 1998 жылғы 9-10 маусым­да жаңа астананың таныстырылымы өтіп, қаланың жаңа атауы бел­гілі болды. Жаңа астананың ашылу салтанатына әлемнің көптеген елдерінен танымал көшбасшылар қатысты.

Аталған жиынға қатысқан қо­нақтар арасынан алғашқы сөз Түркия президенті Сүлеймен Демирелге берілді. Ол Қазақстанның мемлекет ретінде қол жеткізген табыс­тарына жаһандық тұрғыдан баға беріп, елдің дүние жүзінен өз орнын табуы үшін алғашқы қатарларға ұмтылғанын айтты. Одан кейінгі сөз Өзбекстан президенті Ислам Каримовке берілді. Ол астананы бір жерден екінші жерге көшіру бас­тамасын Нұрсұлтан Назарбаевтың батырлығы деп атап көрсете келіп, бұл шешімді келешек ұрпақтың жоғары бағалайтынына сенімін білдірді. Ал Әзербайжан прези­денті Гейдар Алиев бұдан бұрын Қазақстанның әлемдегі өз орнын белгілеуінің мүмкіндігі болмағанын айтып, бас қаланың Астанаға көшірілуін тәуелсіз Қазақстан­ның ең ірі жетістігі ретінде бағалады. Ол қазақстандықтарға туысқан Әзербайжан халқының сәлемін жеткізіп, осы үлкен оқиғаға орай қазақ халқын құттықтап, баянды болашақ тіледі.

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаевтың төл перзенті, өмір бағының ең әдемі жемісі, Түркі дүниесінің көк бай­рағы тігілген әсем Астана қаласы ортақ мақтанышымызға айналды. Тағдыр бұйырып бұл қалада болған кісі өз таңданысын жасыра алмасы анық. Қазақ елінің мақтанышына баланған Астана шаһары салтанатты жиындар, халықаралық форумдар өтетін құтты мекенге айналды.  Астана – Еуразияның жүрегі деп бекер айтылмайды.  Жазда көкке, қыста ақ түске боянған Астана бей­бітшілік мұраты жүзеге асқан қала болып қалыптасты. Елдегі 130-дан астам ұлт өкілдерінің бастары қосылған Бейбітшілік және келісім сарайының ғажайып ғимараты осы идеяның жарқын көрінісі.

Барлық ұлттарды біріктіретін Қазақстан халқы Ассамблеясы бар­шаны Отан идеясы айналасына топтастырып, бір шаңырақтың астына жинайды. Қорқыт ата, Елтеріс қаған, Білге қаған, Тоныкөк аманат етіп қалдырған бірлік, мейірбандық пен билік қағидаттары арқылы Мәңгілік Ел мұратына ұласып отыр. Бүгін Қазақстандағы әзербайжан ұлты өкілдері де бауырлас елдің толыққанды азаматтары болып табылады. Қос қанатты Парламентте алты әзербайжан ұлтының өкілі депутат қызметін атқарды.

Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Алиевтің 2004 жылдың наурыз айындағы алғашқы ресми сапарын Қазақстан Респуб­ликасына жасауы да кездейсоқ емес. Қазақстан мен Әзербайжанды бір-бірімен байланыстыратын нәрселер көп. Мәселен, оларға тілімізді, тас жаз­баларымызды, әндерімізді, т.б. жат­қызуға болады. Қазақстанда өмір сүретін әрбір қазақ Әзербайжандағы қыпшақтар мекені – Қазақ шаһарын өзінің тарихи қаласы деп есептейді. Дастарқанымызда, тойларымызда айтылған әндеріміз де рухымыздың бір екенін көрсетеді.

Жуырда Қазақстан Респуб­ли­касының Тұңғыш Президенті күнін дініне, нәсіліне, ұлтына қарамай, ел­дің барлық азаматы, бүкіл қазақ­стандықтар атап өтті.

Қазақстанда 1999 жылы өткен президенттік сайлауда жеңіске жеткеннен кейін Нұрсұлтан Назарбаев халқына қаратып айтқан сөзінде алдында тұрған негізгі мәселе елдің әл-ауқатын жақсарту екенін мәлімдеді. Сол үшін реформалар жасаудың өз уақыты болатынын тілге тиек еткен Назарбаев олардың жемісін көрудің де сәті келетінін айтқан еді. Ол өз сөзінде тұрды. Дүние жүзінде орын алған тұрақсыздықтар кезінде де, шикізат құны құлдыраған кейінгі кезеңдерде де Нұрсұлтан Назарбаев алдымен өз халқының қамын жеп, елінің жағдайын ойлаумен болды. Бүгінгі күні елде жүзеге асырылып жатқан экономикалық және қаржылық саясат қарапайым тұрғындардың мүдделері ескеріліп жасалған.

Маған Қазақстанда өткен прези­денттік сайлауларды бірнеше мәрте бақылаудың сәті түсті. Сайлаулар өткен күндері ел азаматтарының аса үлкен белсенділігінің куәсі болдым. Сайлау уақыты аяқталып, сайлау учас­кесінің есігі жабыла бергенде дауыс беруге келген кейбір аза­мат­тар­дың үлгере алмағанына қатты қапа­ла­нғанын да өз көзіммен көрдім. Мен олардан не үшін соншалықты көңілдері түскенін сұрағанымда «Біз Нұрсұлтан Назарбаев үшін дауыс беруге келіп едік», – дегендерін естіп, таң­да­нысымды жасыра алмаған едім.

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев – Түркі әлемінің рухани көшбасшысы, құрметті ақсақалы. Ол Түркі әлемін бірлік пен ынтымаққа шақырудан жалыққан емес. Осы орайда айта кететін бір жайт – Түркі әлемінің өткенін зерттеп, қазіргі жағдайын пайым­дап, келешегін болжайтын «Халықаралық Түркі академиясы» атты ғылым, мәдениет және әдебиет орталығы Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрыл­ды. Бүгін сол Академияның жетіс­тік­терін тұтас Түркі әлемі көріп отыр деуге болады.

Тәңірден күш алып, түркінің аманаты – Көк байрақты жоғары ұстап, түркі жұртының қамын жеген Нұрсұлтан Назарбаев аман болсын!

 Аида ЭЙВАЗОВА,

журналист

Баку, Әзербайжан

Egemen.kz