Түркі халықтарының ауыз әдебиеті де тамырлас
Алтай теріскейіндегі түркі халықтарының ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетіндегі өте ертеден бері байланыста жатқаны белгілі. Тарихы тағдырлас, тілі бір, салттары ұқсас, әдебиеті мен мәдениеті, өнерлерінің жақындығы ежелгі түркі дастандары «Алып Ер тоңа», «Оғыз қаған», «Еділ батыр», «Шу батыр», «Көк бөрі», «Ергенекон» т.б. халықтық жырлар сақтар мен ғұндар дәуірінде өмірге келіп, «Қорқыт ата», «Оғызнама» «Білге қаған», «Тоныкөк», «Күлтегін» сияқты батырлық жырлар арқылы жалғасын тапты.
Түркі елдері әдебиеті тарихының жоғары оқу орындарында оқытыла бастағанына көп уақыт болмаса да, түбі бір түркі жұртының мақсатмүддесі ортақ екендігі белгілі. Бүгінде мектеп оқулықтары мен жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына енуі — егемендіктің жемісі. Бірақ та «өз деңгейінде сағат бөлініп оқытылып жүр ме» деген сыни сөзді алға тартсақ, Кеңес дәуірі тұсында республика болып жарияланған қырғыз, өзбек, түрік, әзірбайжан, түркімен және ұйғыр, қарақалпақ, татар мен башқұрт түркілерін ғана санамалап айтып жүргеніміз рас. Сағаттың а з бөлінуінің нәтижесінде ірі-ірі классиктерімен ғана танысып, өзге қаламгерлеріне көңіл бөлмей келеміз.
Түркі халықтарының әдебиетін оқытуда екі түрлі мәселеге көңіл бөлу керек сияқты: бірінші — саха, хакас, тува, топа, шор, чуаш, ғағауыз, құмық, қарашай, қарайым, ақысқа түріктері сияқты халықтардың әдебиетін типтік бағдарламаларға ендіру. Екінші — Кеңес дәуіріне республикалар арасында халықтардың өнері мен әдебиетінің он күндіктері жоспарлы түрде өтіп отыратын дәстүрді қайта жалғастыру.
Ал енді түркі халықтарының ауыз әдебиетіндегі ұқсастықтарға келер болсақ, Алтайдың теріскейінде Сібірге ұласа жатқан Таулы Алтай, саха, топа, тува, хақас, шор, чуаш сияқты түркі елдерінің қазақтармен әдеби байланысы ертеректен-ақ басталғанын көруге болады. Қазақта жырланып жүрген «Алпамыс» жырына сарындас сюжеттік ұқсастықтар алтайлықтарда «Алып Манаш», орта ғасырдағы оғыз эпосы «Қорқыт ата» жырындағы «Бамсы Байрақ» тарауы сюжеттік және композициялық құрылысы жағынан «Алпамыс батыр» дастанының негізі жатқандығын байқау қиын емес. «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» оқиға желісін қайталайтын, әрі ұқсас әңгімелер мен толғаулар кездеседі. Алтайлықтарда айтылатын «Мадай Қара» дастаны қазақ батырлық дастандарымен үндес жатқанын көруге болады. Мадай Қараның баласы Көгедей мергеннің тез өсуі Алпамыс батырды, жолға шыққан Көгедейге Таусоғар, Саққұлақ, Желаяқ, Тыңшы достарының кездесуі Ер Төстікті, «Ер Тарғын» жырындағы Ақша хан мен Ханзада хандардың қайталануы түбі бір түркі тектес халық екенінен ишарат береді.
Тува, шор, хакас сияқты Сібір түріктерінің жер-су аттары мен адам есімдері, тіл, дәстүрі орыстанып, империяның аранына түсудің аз-ақ алдында тұрғаны өкінішті. Ақын-жазушы, жалпы зиялы қауымдары тісті-тырнағымен тырысқанымен, орыстану апанында ұлт қаламгерлерінің төбесі көрінбей, Кеңес ақыны-жазушысы болып кеткенінен хабардармыз. Жаһандану құрбанына айналған бірқатар түркі елдері батыс алпауытына сіңіріледі. Нәтижеде, мажар түркілерінің — Венгер, бұлғар түркілерінің — Болгар, хазарлар мен малқарлар сияқты халықтар ұлт ретінде тарих қойнауында ғана қалды. Бүгінгі күні Қап тауы түркілері құмықтар авардың, қарайымдар қабардин-малқардың, ғағауыздар молдавандардың қолтығында қалса, қарашайды черкеспен қосып, тілдері басқа халықтарды бір-біріне әкімшілік тәуелді етіп қойған. Олар бір-бірімен орысша сөйлесуге мәжбүр. Міне, орыстандыру саясатының мыңнан бір тәсілі.
Саха елді мекенде тұратын жергілікті ұлт өкілдері түрі жағынан қазақпен ажырағысыз. Бүгінгі тіршілігі ұқсамағанымен, ескі заманнан елес беретін Сібір түркі халықтарына ортақ «Олонхо» эпикалық дастаны, б.д.д. IVII ғасырларда пайда болған Бактрия мемлекетінде Заратуштра дүниеге алып келген түркі халықтарының төл туындысы 21 кітаптан тұрып, әлемдегі ең үздік шығарма — зароастризм дінінің қасиетті кітабы «Авестоға» ұқсастығы байқалады. 120 мың жолды парсы шайыры Фердаусидің «Шаһнамасынан» кейінгі әлемде екінші орында тұратын осы «Олонхо» 60 мың жол, ал «Манас» 40 мың жол. Кешегі дәуірде әлемдегі ең таңдаулы туынды деп оқытып келген. Гомердің «Илиадасы» 17 мың, «Одиссея» 18 мың-ақ жол екен. Бұларды айтып отыруымыздың себебі, дүниедегі көлемді әдеби туындыларды танытпауға тырысып баққан империяның да жібі сөгілді. Бауыржан атамыз айтқандай, «Шындық бар, бірақ ол кешігіп келеді» дегені бүгінде ақиқатқа айналды.
Қазақ пен Саха әдеби байланысының биік шоқысы Сәкен Сейфуллин мен Плотон Ойунский шығармашылықтарының бір-бірімен үндесіп жатуы таңқаларлықтай. Екеуі де түйдей құрдас, екеуі де 1938-39 жылдардың құрбаны. Екеуі де Ленинді, «қызылды», партияны, советті жырлады. Сәкен «Қазақ Марсельезасын», Плотон «Саха Марсельезасын» жазды. 1918 жылы партия қатарына екеуі де қабылданады. Екеуі де Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы. Екеуі де ақын, әрі прозашы, әрі драматург, әрі көсемсөз шебері. Шығармаларындағы тақырыптар ұқсас, орындалу идеясы да бірін-бірі қайталап отырғандай әсер қалдырады. «Заманына иленген» екі қаламгерлер төңкеріске тек қаламмен ғана емес, қолдарына қару алып күрескер ретінде қатысулары бірдей. Екеуінің де халқына деген жоғарғы дәрежедегі сүйіспеншілігі, отансүйгіштігі әр шығармаларында «мен мұндалап» тұрады.
Ал чуваш халық ауыз әдебиеті жырларындағы негізгі сюжеттік желілері қазақ, татар, башқұрт, алтай эпостарына жақын әрі ұқсас. Мысалы, чуваш жігіті Ямансардың татар қызы Алтыншашқа ғашық болуы, Алтыншаштың әкесі Қарабайдың өзі сияқты байға қызын бермек болғанда қыз өзін-өзі өлтіруімен аяқталады. «Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» кездесетін Қарабай бейнесі, өткеннің озбырлық күш иесінің ортақ белгісі. Осы көрініс чуваш әдебиетінің классик жазушысы Михайл Юхма өз шығармашылығына пайдаланғанын қазақ тіліне аударылған «Ақ қайың әні» (1979), «Кәрі шегіршіннің құпиясы» (1993) атты еңбектерінен кездестіруге болады. Михайл Юхманың қазақ тіліне аударылып үлгермеген «Маңдайдағы ақ дақ» повесі, Мұхтар Әуезовтың «Көксерек» әңгімесімен ұқсастығы оқу барысында бірден байқалады. Біріншіден, екі туындының да тақырыбы мен идеясы, мазмұны мен сыртқы құрылысы бірдей. Екіншіден, адам мен қасқыр арасындағы мәңгілік жауыздық. Үшіншіден, түз тағылары адам қолында мәпеленгенімен, түбінде өз орманын табуы. Төртіншіден, Көксеректі Құрмаш өлімінен соң ауыл өтінішімен ағайынды ағасы Қасен өзінің алғыр итімен алса, Михайл Юхманың «Маңдайдағы ақ дақ» повесіндегі Шурсиямганы Палюш есімді атақты мерген өз итімен алады.
Хақастар туралы тағы да Абайға жүгінсек, жоғарыда аталған еңбегінде «Енисейскі губерниясында Минусинскі уезінде «ясышынай татар» атында бір халық бар. Қазақты өздеріне ағайын тұтады» дегені, Минусинскі портты қаланың тұрғыны хақастар екендігі бүгінде белгілі. Тайга қойнауында «қазақтың ағайындары» (Абай) бүгінде тоталитарлық жүйенің құрбанына айналып, ұлттық жадынан ажырап бара жатқаны өкінішті-ақ. Мол ауыз әдебиеті ұмытылып, жазба әдебиеті «аға халықтың» ықпалында жүргенін көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар біледі. Мәселен, 1965 жылы Батыс Германияның Висбаден қаласында неміс тілінде шыққан «Түркі филологиясының негіздері» деген кітапта кешегіде жабық жатқан ақын-жазушыларымыз бен қоғам қайраткерлерінің іс-әрекеттері таныстырылып, Кеңес өкіметінің әдейі жасап отырған қитұрқы саясаты екенін ашық айтқан болатын. 1974 жылы Түркияда басылған «Ұлттық поэзия антологиясы» атты жинақта түркі тілдес елдер әдебиеті өкілдерінің жарыққа шыға алмай жүрген ақтаңдақтардың шығармаларымен таныстырып, отаршыл елдердің саясатын әшкерелейді.
Бүгінгі күнде түркі тектес елдердің тілі мен әдебиетін шығу тарихымен байланыстыра зерттеу кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр. Біз жоғарыда Сібірде өмір сүретін түркі халықтарының рухани мұралары теперіш көріп отыру себептерін біршама айтып өттік. Саха, шуаш, хақас, тува, шор сияқты халықтардың бүгінде «аға халықпен» тонның ішкі бауындай араласуы бүкіл болмысына әсер етіп отыр. Теріскейде жүрген бауырластарымыздың әдебиеті мен қазақ әдебиетінің байланысын бір-біріне әсері бар тұстарын қарастыру бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.
Оразалиев Сейдалы,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің
«Абайтану» ғылыми-оқу орталығының аға ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР Журналистер одағының мүшесі