Түркі жұрты— иманның бесігіндей

Саят Қамшыгер, ақын, «Серпер» сыйлығының лауреаты, «Мөлдір бұлақ» журналы бас редакторының орынбасары. 

                             Түркия сапарынан топтама өлеңдер

 

Түріктің елі                      

Жұлдызды жүзік,

Алқа ғып айды тұрған ел,

Байрағын желпіп,

Шаңырағын биік құрған ел.

Қазыналы қартым,

Ақсақал-абыз Түркия,

Перзентің сенің жүрегі ояу тұлғалы ер.

 

Тербейді сені азанның үні ғажайып,

(Мешітке бармау ол кезде болмас аз айып.)

Сұрарым,Аллаһ,

Қым-қиғаш мынау тірлікте

жүректерде иман қалмаса екен азайып.

 

Тіл бітсе тіпті тарихты қозғар тастары,

Түріктің елі,жер менен тұтас аспаны.

Ғасырлар үнін жеткізіп тұрған Истамбул,

көңілдің құсын көтеріп көкке тастады.

 

Рухы бар сенде бабалар сүрген дәуірдің,

Ғажап бұл мекен,

Ықыласы түскен тәңірдің.

Азаматтарың қылшылдап тұрған қылыштай,

қырмызы қызың ардағы болған әр ұлдың.

 

Елітер бойды теңізден соққан самалың,

Шағалаларды сағыныш па деп қаламын.

Әлемді әсем, кереметтерімен баураған,

Түріктің елі—

бірлігі тау мен даланың.

 

Бір көрген жанның маңдайы күндей жарқырар,

Түріктің елі,бір Хаққа сенген халқы бар.

Қазақ пен түрік—

Көзімнің ақ пен қарасы,

Қос ішектей үндес екі елдің ата салты бар.

 

Түріктің елі,

арыстандайын айбатты,

Бақтарың гүлзар төрт мезгіл бойы жайнапты.

Ұл-қызың сенің иманыменен шуақты,

Намыс пен жігер,

Сеніміменен қайратты.

             ******************

 Түркі жұрты— иманның бесігіндей

Түркия десем сан ойлар жалғанады,

Көңілімді тербетер арман әні.

Әлі күнге сағына еске аламын,

Бауырларды базарлы Барладағы.

 

Измир десем сезімдер бусанады,

Теңіз жақтан еседі жыр самалы.

Әр көшесі тарихтан сыр ұқтырар,

Ең қызықты күндер-ай Бурсадағы!

 

Қауышқан ек Кониядай сән қаламен,

Сұлулыққа ондағы таң қалар ең.

Дін исламға арнаған бар ғұмырын,

Түркі әлемі биік тұр Мәуләнамен.

 

Тәкәппарлық дегенді тыйған біліп,

Жайсаңдары шайларын құйған күліп.

Әр тұрғыны тап-таза,мөлдір бұлақ,

Түрік елі тұрған бір имандылық.

 

Тазалықты Аллаһтан таңдай сұра,

Қызыр келген қаланың әрқайсына.

Топталса да елдің көп өндірісі,

Измитінің ауасы балдай,сірә.

 

Имамдары білімді,қырағатты,

Мінезімен ұйытқан жұрағатты.

Әкімдері халықтай қарапайым,

Ұлықтары шетінен ұлағатты.

 

Азан үні жаныңды балқытқандай,

Ерте оянған адамға сарқыт бардай.

Тыныш тұрып тілдескен тылсымменен,

Манисаның түндері барқыт қандай!

 

Қымбат маған Аллаһтың есіміндей,

Түркі жұрты— иманның бесігіндей.

Жер-жаһанға әйгілі, мәшһүр болған,

Қос құрлықтың Истамбул есігіндей.

 

Ерлер сүйрер елінің нарқын алға,

Ізгіліктің бұлағын сарқып алма.

Түркі елінің тасы өрге домалайды,

Жалғыз Хаққа сенетін халқы барда!

              ***********************

                       Саған келем

Саған келем,түркі елі,

Иманнан бақ табатын,

Қазақ деген қаным бар тамырымда ағатын.

Атажұрттың сәлемін,кең пейілін жинап ап,

Саған ұшып келемін жайып көңіл қанатын.

 

Елдер менен елдерді жүрегіміз жалғайды,

Қанаттары көңілдің қанша ұшса да талмайды.

Бауыр елдер тұр,міне, бір-біріне дұға етіп,

Көз жастарын төгеді,нұрландырып маңдайды.

 

Саған келем түркі елі,

Құшағыңды аш маған,

Сенің әрбір көшең де Жаратқанға бастаған.

Алматы мен Истамбул қос жанарым жайнаған,

Түркістан мен Кония— жүректегі астанам.

 

Саған келем түркі елі,

Жақын болған алыстан,

Жылқы мінез қазақпыз ауыздықпен алысқан.

Ата-баба кешегі екі жақта қалса да,

Балалары бүгінде қос өзендей қауышқан.

 

Тарихымыз біздердің басталады тереңнен,

Сезімімді іштегі жеткізе алман өлеңмен.

Дала менен тауларды жалғау үшін теңізбен,

Бауырлас ел Түркия,саған ұшып келем мен.

                       **********************

                       Мәрмар жағалауы

Мәрмарада ақ қайың тербеледі желменен,

Мүлгіп тұрған пальмалар көкке қанат сермеген.

Мәрмар тастар көнеден сыр ашқанда суырып,

Жанға дауа ауасы қам көңілді емдеген.

 

Шағалалар шуылдап жан бітірген аймаққа,

Жағалаулар толыпты ай, жұлдызды байраққа.

Енесіне жиі кеп еміренген төл сынды,

Сапар шеккен кемелер оралады айлаққа.

 

Магнолияның ақ гүлі жұпар шашып алыстан,

Құстар ұшар теңіздің самалымен жарысқан.

Мәрмар теңіз жағасы толқындармен тербеліп,

Жаратқанның рахымы құйылып тұр ғарыштан.

 

Орамалды ханымдар ізетті деп айта алам,

Ақ көңілді бейлерді көрген кезде жай табам.

Қош,есен бол!

Торғын кеш,

Жағалауы Мәрмардың,

Қайтып барам,бірақ та,

Ораламын қайтадан!

                          **********                   

                   Самед кардеш

 Самед кардеш, Истамбулда тұрағың,

Алматыға қайтам қанбай құмарым.

Сен жайында айтып жатыр деп ойла,

Шуылдаса оң жақтағы құлағың.

 

Жаратқаннан сұрар болсам кешірім,

Иман мені тербететін бесігім.

Бұл өмірге қайта келдім шыр етіп,

Ашқанымда Сұлтан Ахмет есігін.

 

Самед кардеш,түріктегі туысым,

Бір Аллаһтың сен сабырлы құлысың.

Қызылорда қазағынан аумайсың,

Ауылдан кеп тұрғандай-ау тұрысың.

 

Сағынамын сазың менен нәйіңді,

Тыңдатпасаң құйып қойып шәйіңді.

Мен даланың жусанымын жұп-жуас,

Саған, достым, айтар болсам жайымды.

 

Самед кардеш,иманды ару жолықтыр,

Жүрегіңде күш пен қайрат толып тұр.

Қызылорда қаласына өтерде,

Жол-жөнекей Алматыға соғып тұр!

             ****************

         Хазар жыр кеші

Елазық бүгін толды айдай,

Береке, бірлік орнайды-ай.

Қазақ пен қырғыз, түрік боп,

Топталып ұштық торғайдай.

 

Көңілге ыстық жылындық,

Бірліктің күшін ұғындық.

Жан-жақта жүрген түркілер,

Жұдырық болып жұмылдық.

 

Таныдық келіп түрікті,

Байрағын биік іліпті.

Алаштың алпыс ақыны,

Хазарда тастай бірікті.

 

Құлпырдық көктеп көктемдей,

Әр ақын мың дән еккендей.

Миллеттің бәрі жиналып,

Бір адам болып кеткендей.

 

Жиналып кеңес құрғандай,

Хазарда оқыр жыр қандай.

Таулардың бәрі саз ойнап,

Ағаштар билеп тұрғандай.

 

Түркінің жыры армандай,

Тастан да тамшы тамғандай.

Ақындар жырын тыңдауға,

Уақыт та тоқтап қалғандай!

            ****************

                  Түркияға тілек

 Бұл уақыт тез қимылдар ұры сынды,

Туыс ел, терең алшы тынысыңды.

Лаңкестер лайламасын тұнығыңды,

Содырлар алмаса екен тынышыңды!

 

Түркия жер-жаһанның гүлі сынды,

Жаныма Неджип Фазыл жыры сіңді.

Тентектер тарылмасын текке терлеп,

Төкпесін толып тұрған ырысыңды!

 

Байрағың биіктіктің туы сынды,

Мешіттер көңіліме гүл ұсынды.

Риясыз пейілменен қарсы ала бер,

«Мерхаба», «хош келдің» деп туысыңды!

 

Ұлдарың Хақтың сыддық құлы сынды,

Азан үні қандырды құрышымды.

Тауларың тыныштықтың күзетшісі,

Береке жайлап жатсын ұлысыңды!

 

Нәй дыбысы алтынның буы сынды,

Қынына кіргізіп тұр қылышыңды.

Құшағы кең жайылған Анадолы,

Жалғастыр Алла алдында ұлы ісіңді!

            *******************

           Елазықтық теңеулер

Ғасырлардан тозбай жеткен жолдаймын,

Тез мүжілер мен асфальттай болмаймын.

Жүрегімнен ақтарылған жырымды,

«Шаркы» айтқан «санатшыдай» толғаймын.

 

Елазықта шын шаттандым сәбидей,

Ал Кәдағам кішіпейіл  «әбидей».

Маған бақыт келсе шіркін уағында,

Іс-шараға кешікпейтін «уәлидей».

 

Адамзатты сүйіп кеттім жанымдай,

Косовалық Жанан қыз бір жалындай.

Ерсі күлмей, жайлап қана жымиған,

Күн де бүгін орамалды ханымдай.

 

Сопыдайын ойлар әр кез ұятты,

Әкбар байкем тапты өмірден миятты.

Елазықта болып қалдым бейне бір,

Түк шешпейтін «культур мүдір» сияқты.

 

Шайырларың «екмек» турар пышақтай,

Бұл Елазық ашылған кең құшақтай.

Әрбір түрік әуежайға ұқсайды,

Әр «мусафир»  ұшып келген ұшақтай.

 

Бұл қалаға шығыс бейне күдіктей,

Намаздағы жас жігіттер үміттей.

Достарымның көрінем-ау көзіне,

Тәтті жеп ап шәй ішпейтін түріктей.

 

Мына бес күн бес тал «лукум» — сарқыттай,

Мына бес күн бір жылдан да артықтай.

Біз келгенде қарсы ала бер, Түркия,

Отыз ғасыр мызғымаған Харпуттай!