ТҮРКІСТАН: «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖАРИЯЛАҒАН «ТАЗА БЕЙСЕНБІ» АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

Экологияны қорғау, тазалықты сақтау, туған жерді көркейту мен көгалдандыруға баса мән беру ниетімен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны бастау алды. Оның аясында байтағымыздың әр қиырында өзіміз өмір сүретін қоршаған ортаны тазартуға бағытталған кешенді жұмыстар қолға алынды, қалаларымыз бен ауыл-аймақтарда санитарлық тазалық жұмыстары күшейтілді, табиғатты жүйелі қамқорлыққа алу іс-шаралары бекітілді, жасыл желек қорын ұлғайту басымдыққа ие мәселеге айналды.
Мемлекет басшысының өзі ұйытқы болған науқанға «AMANAT» партиясы қолдау білдіріп, партияластарымыз бұл бастаманың жалпыхалықтық сипат алуы бойынша бірнеше бағытта жұмыстар атқаруды қолға алды. Аманаттық өкілдер экологиялық мәдениетті қалыптастыруда 5 негізгі бағытта жұмыс атқаруға кірісті. Оның ішінде, экология саласындағы заң нормаларын шығару қызметін атқару, «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын тұрақты өткізу, «ТАЗА QAZAQSTAN» Road-эстафетасының бастау алуы, Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализм көріністерінен қорғау жөніндегі қоғамдық науқанын ұйымдастыру, жасыл волонтерлікті қолдау міндеттері бар.
6 маусымда республиканың барлық өңірлерінде «AMANAT» партиясының ұйытқы болуымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны аясындағы «Таза бейсенбі» республикалық экологиялық акциясы басталды. Акцияның осы санаттағы іс-шаралардан ерекшілігі – ол елді мекен аумақтарын қоқыстан тазарту бойынша «нүктелік» жұмыс жүргізуге бағдарланған. Партияның өңірлік филиалдары елді мекендердің ластанған аумақтарының карталарын алдын-ала жасақтап, бейсенбі күні тазалық жұмыстарын жүргізуге партия белсенділерін жұмылдыратын болады. Тазалық жұмыстары апта сайын әр бейсенбі күні елді мекендердің ең ластанған нүктелерінде жүргізіледі.
«Таза бейсенбі» республикалық экологиялық акциясының басталуына Түркістан облысындағы барлық аудандық, қалалық филиалдары үлес қосты. Бастауыш партия ұйымдарының, партияның белсенді мүшелерінің, облыстық, аудандық, қалалық мәслихат депутаттарының қатысуымен өтіп жатқан тазалық жұмыстарына облыс тұрғындары да қолдауын көрсетіп, айналаны жинауға қоғам болып күш біріктіруде.
Науқанға қатысқан облыстық партия филиалының қызметкерлері Түркістан қаласындағы партияластарымен бірлесе Шауғар шағын ауданындағы магистралды темір жол бойын тазалауға шықты. Тазалық жұмыстарының атқарылуын үйлестірген «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева партия бастамасымен іске асып жатқан жоба аманаттық өкілдердің табиғатқа деген жанашырлығы ғана емес, қоғамды қоршаған ортамен үндесе өмір сүруге баулуға бағытталған тәрбие тағлымы екенін де айтты.
Айта кетейік, «Таза бейсенбі» бір реттік науқан емес, әр апта сайын «AMANAT» партиясының мүшелері бас қосып, ең лас деген аумақтарды ретке келтіру жұмыстарын жүргізетін болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі