«TURKISTAN ARCHITECT AWARDS» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНКУРСЫ БАСТАЛДЫ

2018 жылдың 26 қазанында Түркістан қаласының жаңа әлеуметтік және мәдени нысандарының концепт-эскиздерін дайындауға бағытталған «TURKISTAN ARCHITECT AWARDS» халықаралық сәулет конкурсы басталды. 
Конкурс Қазақстан Республикасы Премьер-Министірінің бірінші орынбасары А.Маминның тапсырмасы бойынша Қазақстанның рухани-мәдени орталығының дамуына импульс беретін бірегей сәулеттік шешімдер әзірлейтін халықаралық және отандық сәулетшілерді қатыстыру мақсатымен ұйымдастырылды. 
Конкурс қатысушыларының алдында бір ай көлемінде 15 жоба бойынша толыққанды сәулеттік эскиздер әзірлеу міндеті тұр. Қатысушылар осы жобалар аясында сәулеттік идеяларын негіздеумен бірге нысандардың тағайындалу мақсатын анықтауы тиіс. Демек, ежелгі Түркістанның мәдениетін бойына сіңірген бірегей сәулеттік идеясы бар, сондай-ақ   әлеуметтік және мәдени нысандарға келушілер үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған ең заманауи тиімді шешімдері мен технологиялары бар жұмыстар үздік деп танылады. Жаңа нысандарды туристік тартымдылықпен қамтамсыз ету өте маңызды болып саналады және осы нысандар арқылы Түркістан бүкіл орталық Азия бойынша туристер ең көп келетін қалалардың бірі болуы тиіс. 
«TURKISTAN ARCHITECT AWARDS» халықаралық сәулет конкурсы 2018 жылдың 26 қазанынан бастап 2018 жылдың 26 қарашасына дейін бір кезеңде өтеді. Қатысушылар конкурстық нысанның әр санатына арналған техникалық тапсырманың барлық талаптарына сәйкес концепт-жоба дайындауы тиіс. Конкурс қатысушыларына жобаланушы нысандар бойынша айрықша шарттар және талаптармен шектеу көрсетілмейді, демек әрбір қатысушының өз шығармашылық идеяларын жүзеге асыруға және негіздеуге толық еркіндік беріледі.
Айта кету керек, әрбір жеңімпаз өз номинациясында ақшалай сыйлық иегері болады және жеңіске жеткен жобасын жобалауға эксклюзивті келісімшарт жасасу мүмкіндігіне ие болады.
Конкурс тәжірибелі сәулетшілерге де, жас сәулетшілерге де қатысу үшін тең мүмкіндіктер ұсынады, сондай-ақ сәулетшілер бюроларының қатысуы  құпталады. Конкурсқа қатысудың техникалық тапсырмасы мен шарттары https://turkistan-awards.com/ сайтында жарияланған.