ТҮРКІСТАН: «АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» АРҚЫЛЫ 105 ЕЛДІ МЕКЕНДЕ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП ЖАТЫР
Биыл Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 105 елді мекенде 249 жобаны іске асыруға бюджеттен қаржы бөлініп, басым бөлігінде жұмыс жүріп жатыр. Жобаның орындалу барысы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте кеңінен талқыланды. Өңірдің инфрақұрылымын жақсартып, әлеуметтік нысандарды уақытылы тапсыру керектігін айтқан облыс әкімі жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.
Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, тамыздағы дерекке сәйкес 223 жаңа жобаның 191-і бойынша жеңімпаз мердігер анықталып, келісімшарттар түзілген. Мемлекеттік сатып алу қорытындысымен жалпы 306,7 млн. теңге үнемделген.
Мәжілісте мемлекеттік сатып алу конкурстарын уақтылы аяқтау, қаржыны заң талабына сай мерзімінде игеру мәселелері қозғалды. Құрылыс басқармасы мен Сарыағаш, Төлеби, Түлкібас, Сайрам, Созақ, Бәйдібек, Келес аудандары және Арыс, Кентау қала әкімдіктеріне жұмысты күшейту жөнінде міндеттер жүктелді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі