ТҮРКІСТАН: БОКСТАН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ОБЛЫС МЫҚТЫЛАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Сайрам ауданындағы Ақсукентте бокстан 2007-2008 жылы туған жасөспірімдер арасында Түркістан облысының чемпионаты аяқталды. Шаршы алаңға өңіріміздің ең талантты деген жас былғары қолғап шеберлері жиналып, өзара сынға түсті.
Бұл чемпионатқа өңіріміздің барлық аудандарынан 260-тан астам жас боксшылар келді. Жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырған Түркістан облысының №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің директоры Сейтжан Жанысбаев тартысты өткен облыс чемпионатының маңыздылығы шәкірттердің шеберліктерін шыңдай түсетіндігін жеткізді.
Облыстық чемпионатта Түркістан облысының №5 олимпиадалық спорт мектебінің шәкірті 66 келі салмақтағы Ерасыл Әшірбай жеңімпаз атанып, алтын медаль иеленді. Ал, 48 келідегі Ерәділ Ұзақбай мен 50 келі салмақтағы Азамат Жұмабекте облыс чемпионатының жеңіс шыңын бағындырды.
Бірінші және екінші орын алған боксшылар Жамбыл облысы, Шу қаласында 20-25 қазан аралығында өтетін аймақтық Қазақстан біріншілігіне жолдама алады. Сондай-ақ, жарыста жүлде алған спортшылар қараша айында Қостанай қаласында өтетін республикалық шешуші чемпионатта бас қосады деп жоспарлануда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі