ТҮРКІСТАН: ДӘРІГЕРЛЕР ТҰРҒЫНДАРДЫ КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ РЕВАКЦИНАЦИЯ ЖАСАУҒА ШАҚЫРАДЫ

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында коронавирус инфекциясының артуына байланысты және қауіпті індеттің таралуының алдын алу шаралары бойынша брифинг өтті.

Баспасөз мәслихатында Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов коронавирус инфекциясының қайта тарала басталғанын айтып, сақтық шараларының маңыздылығына тоқталды.

– Қазіргі таңда әлем бойынша COVID-19 індеті қайта өрши бастады. Бұл пандемия қаупі біздің елімізде де әлі сейілген жоқ. Түркістан облысында 28-қараша мен 4-желтоқсан аралығында инфекцияны жұқтырудың 20 жағдайы тіркелді. Яғни, алдыңғы аптамен салыстырғанда 10 адамға өсіп отыр. Бұдан бөлек, қазір тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекция кезеңі. Осы аурулар қосылып, адамдарда созылмалы аурулардың асқынуына алып келуі мүмкін. Өңірде коронавирусқа қарсы қайта ревакцинациялау, тұмау/ЖРВИ-ге қарсы вакцинациялау жұмыстары жалғасып жатыр. Аурудың алдын алу үшін өңір тұрғындары өзі тұрғылықты тіркелген емханада екпе салдырғаны абзал, — деді Нұрбек Садықбекұлы.

Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Райымбек Тасырбаевтың сөзінше, жыл басынан бері 1-компонентпен 1 295 530, 2-компонентпен 1 291 620 адам қамтылған. Облыс тұрғындарының 820 148-і ревакцинациялаудан өтсе, 145 918 азамат қайта ревакцинациялау алған. Ал КВИ-ге қарсы вакцинациялау мен ревакцинациялау жүргізу үшін 12 жастағы балалар мен одан жоғары жастағы адамдар үшін қолжетімді.

Сонымен қатар, медициналық ұйымдарда жеке қорғаныс құралдарының қоры жасақталған. Бұл ретте, 150 415 дана бір реттік қолданылатын қорғаныш киімі, 3 416 363 дана медициналық қолғап және 2 635 909 дана бетперде, 247 270 дана төрт қабатты хирургиялық бетперде мен респираторлар, 22 000 литр көлемінде антисептикалық ерітінді қоры бар.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі