ТҮРКІСТАН: ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМНІҢ АЛДЫН АЛУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен терроризмге қарсы комиссиясының отырысы өткізілді. Оған аудан, қала әкімдері, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Күн тәртібінде бірқатар мәселе қаралды.

Мәжілісте Облыстық дін істері басқармасының басшысы Р.Сабыржанұлы, Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Д.Болатханұлы, Қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Е.Төлебаевтар баяндама жасады.

Күн тәртібінде облыс аумағындағы діни тұрақтылықты сақтау және тұрғындар мен жастар арасында теріс діни идеологияның таралуының алдын алу жұмыстары сарапталып, бірқатар мәселелер талқыланды.

Оның ішінде жастардың діни экстремизм мен терроризмге қарсы иммунитетін қалыптастыру және интернет кеңістіктердегі қауіпті ақпараттық материалдардан сақтандыру, қарсы насихаттық шараларды күшейту бағытында сөз қозғалды. Ой-пікірлер айтылып, қатысушы тараптар тәжірибелерімен бөлісіп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар нақтыланды.

Отырысты қорытындылай келе Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді. Соның ішінде, терроризмге қарсы қауіпсіздік бойынша халықтың сауаттылығын арттыратын іс-шараларды жиі ұйымдастырып тұру, имамдардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ, білім орындарында терроризмге қарсы іс-әрекет бойынша насихат жұмыстарын күшейтуді жүктеді.