ТҮРКІСТАН: ЕЛ ЧЕМПИОНЫ АТАНҒАН МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Түркістандық медицина қызметкерлері Тараз қаласында өткен республикалық спартакиададан жеңіспен оралды.
Жарыс жеңімпаздарымен Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқарма басшысы Марат Пашимов пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев кездесті. Ел мерейін үстем еткен жеңімпаздарды жеңістерімен құттықтады.
«Медицина саласы бойынша бұл жыл біз үшін ерекше жыл болды. Республика бойынша ең үздік облыстық клиникалық аурухана, ең үздік перинаталдық орталық номинациясын алдық. Енді міне, сіздердің жеңіп әкелген марапаттарыңыз да бар, жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын», деді облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы М.Пашимов.
Жеңімпаздарға облыс әкімінің орынбасарының Алғыс хаты мен сыйлықтар тапсырылды.
Сайыста ақ халатты абзал жандар кіші футбол, волейбол, үстел теннисі, жүзу, бильярд спортынан сайысқа түскен болатын.
Спартакиадада көш бастап жеңіске жеткен өрендер Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты Жедел-жәрдем станциясы, Мақтаарал аудандық «Атакент» ауруханасы, Түркістан қалалық емханасы, Түлкібас аудандық ауруханасы, Ордабасы, Келес, Сауран және Бәйдібек аудандық ауруханасының медицина қызметкерлерінен құралған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі