ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ЖАҢА НЫСАНДАРМЕН ТОЛЫҒАДЫ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс орталығында салынып жатқан нысандарды аралап, алда жүзеге асатын жобалармен танысты. Алдымен қалалық Мәдениет үйінің құрылысын көрді. Нысан 2025 жылы тапсырылады деп жоспарланған. Өңір басшысы мердігерге жұмысты сапалы атқару керектігін ескертті.
– Анықталған кемшіліктер мен сын-ескертпелер бойынша жұмыс жүргізіңіздер. Тапсырыс алған соң оны сапалы атқару керек. Мәдениет үйінің іші мен қасбетіне дейін жоспардағыдай болуы қадағаланады. Жиһаздарын жергілікті өндірушілерден алып, отандық өндіріске қолдау көрсеткен жөн, – деген Дархан Сатыбалды бірқатар ескертпелері мен ұсыныстарын айтты. Тиісті тапсырмалар берді.
Бүгінде Мәдениет үйінің құрылыс барысы 75 пайызға аяқталған. Түркістан қаласының құрылыс бөлімінің тапсырысымен салынып жатқан нысанда мәдениетті дамытуға жағдай жасалмақ. Ғимаратта 500 орындық көрермен залы, вестбюль-фойе, әртістер бөлмесі, қызметшілер бөлмесі, асхана, режиссер, суретші, киім өлшеу, мекеме әкімшілігінің бөлмелері қарастырылған. Өнерпаздардың дайындық залы да орналасқан.
Одан кейін облыс әкіміне «Сельмаг» су жинау қоймасының құрылыс барысы таныстырылды. 2023 жылы басталған жұмыстар биыл аяқталады. Бұл стратегиялық нысан заманауи құрал-жабдықтармен, қондырғылармен қамтылған. Суды тазартып, тұрғындарға жолдайды. Апаттық жағдайлар кезінде қаланың ескі аумағына үздіксіз су береді және жаз айларында ауыз су қысымын қалыпты деңгейде ұстап тұрады. Жалпы 25 мыңнан астам тұрғынның ауыз су мәселесін шешеді.
Дархан Сатыбалды Әлқожа ата көшесін аралап, осында салынатын әлеуметтік нысандардың жобасын көрді. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы осында атқарылатын жұмыстар мен жоспарларды баяндады. Мұнда тұрғын үй, кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандар салынады деп жоспарланған.
Өңір басшысы бұл жобаларды мұқият зерделеп, халыққа қажетті әрі шаһардың сәулетіне сән қосатын нысандарды ғана салу керектігін айтты. Жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі