ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА АРДАГЕРЛЕР АРДАҚТАЛДЫ

Түркістан қаласында 1 қазан – Қарттар күніне және Республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанына – 35 жыл толуына орай мерекелік іс-шара өтті.

«Өткенін ескермеген өшеді, өткенін қастерлеген өседі» демекші, игі шараға еңбек ардагерлері мен кеңес мүшелері, қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Таңғатаров және қалалық мәслихат депутаттары қатысты.

Мерейлі шарада қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков ардагерлерді құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
«Ардагерлер кеңесі 35 жылдың ішінде ұйымдық тұрғыдан нығая түсті. Сіздер қоғам өміріне белсене араласып, халықтың береке- бірлігі жолында тер төгіп жүрсіздер. Қадірлі ардагерлер, баршаңызға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, күш-қуат тілеймін», — деді қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков өз сөзінде.

Ардаргерлер кеңесінің құрылуы мен өркендеуіне жергілікті ардагерлердің сіңірген еңбегі орасан зор. Осы орайда, қоғамдық өмірде белсенділігімен ерекшеленген бір топ ардагерге арнайы мерекелік медаль тапсырылды. Серік Килибаев пен Серік Ахаевқа «Түркістан қаласына сіңірген еңбегі үшін» медалі табысталды. Мерекелік кеш қалалық мәдениет үйі дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Айта кетсек, Ардагерлер ұйымы 1987 жылғы 21 наурызда құрылған. Бүгінде қоғамда өзіндік орны бар іргелі ұйым өңірдің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді атсалысып келеді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі