ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ЖОСПАРЫНА ТОЛЫҚТЫРУЛАР МЕН ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

✔️Түркістан облысы әкімдігінде Түркістан қаласының Бас жоспарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселесі талқыланған мәжіліс өтті. Жиында өңір басшысы мен қала сәулеті жөніндегі кеңеске Бас жоспардың жобасы таныстырылды.
✔️Жобаға шаһардың 2040 жылға дейінгі даму жоспары енгізілген. Қаланың инфрақұрылымын жақсарту, туризм саласын дамыту, тарихи орындар мен ескерткіштерді сақтауға басымдық берілген. Сонымен бірге қаланың әрбір секторын дамыту, әлеуметтік нысандармен қамту, жылу және су жүйелерінің әлеуетін халық санына сай кезең-кезеңімен көтеру, шаһардағы автомобиль жолдарын оңтайландыру және өзге де мәселелер қамтылған. 2040 жылы Түркістан қаласы тұрғындарының саны 400 мыңға жетеді деп болжанып, қаланың Бас жоспары соған сай толықтырылған.
✔️Өңір басшысы Бас жоспарды зерделеп, толықтыруды тапсырды. Сала басшыларымен ақылдасып, жан-жақты талқылау керектігін, ұсыныстарды жетілдіру маңызды екенін жеткізді.
📌– Мемлекет басшысының бастамасымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы Заң жобасы әзірленді. Ол назарға алынуы тиіс. Екіншіден, Түркістан облыстың ғана емес, Түркі әлемінің орталығы екенін назарда ұстаңыздар. Бас жоспар мен қаланың дизайн-коды заман талабына сай әрі ірі аглоремация деңгейіне көтеретіндей сапалы болуы тиіс. Қайта қарап шығып, нақты ұсыныстар енгізіңіздер, – деді Нұралхан Көшеров.
✔️Сәулеттік жобалар талқыланған мәжілісте облыс аумағындағы аудан, қала орталықтарының дизайн-кодын әзірлеу, елді мекендердің сәулетін жақсарту, «Біркөлік» рекреациялық аймағын реттеу мәселелері де айтылды. Бұл жөнінде Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлыжан Букебаевтың есебі тыңдалды. Салаға жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берілді. Ұсыныстар зерделеніп, қайта қаралатын болды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі