ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА 1 МЕКТЕП ПЕН 2 МЕДИЦИНА НЫСАНЫ АШЫЛДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, білім, медицина нысандарын салу тапсырмасы Түркістан облысында жүйелі орындалып жатыр. Бұл жұмыстар өңір басшысы Дархан Сатыбалдының қадағалауына алынған.
Бүгін Қазығұрт ауданында 3 жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ауданға іссапары барысында Тұрбат елді мекеніндегі 300 орындық «Т.Тула» атындағы жалпы білім беретін мектебінің ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Атаулы мектепте екі ауысымда жалпы саны 597 бала білім алады. Сондай-ақ мектеп қауіпсіздігі үшін 15 бейнебақылау камерасымен, 160 орындық асхана, арнайы шеберхана, спорт зал, акт зал және алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған бөлмелермен қамтамасыз етілген.
Екінші кезекте облыс әкімінің орынбасары Сарапхана ауыл округі, Майлыошақ елді мекеніндегі Қазығұрт аудандық орталық ауруханасына қарасты Майлыошақ медициналық пунктінің ашылу салтанатына қатысып, жергілікті тұрғындарды қуанышымен құттықтады. Бұл медициналық пункт жекеменшік-мемлекеттік әріптестік аясында жеке инвестор есебінен салынды. Жоба құны 89,9 млн теңгені құраған.
Бейсенбай Тәжібаев келесі кезекте Еңбекші елді мекеніне жол жүріп, Қазығұрт аудандық орталық ауруханасына қарасты «Еңбекші» фельдшерлік-акушерлік пунктінің ашылу салтанатына қатысты. Салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын Жаңа жыл мерекесімен және жаңа нысанның ашылу қуанышымен құттықтады. Нысанның жоба құны – 189,4 млн теңге. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуге арналған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі