ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТА «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫНА» ОРАЙ АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ

Биыл елімізде Мемлекет басшысының Жарлығымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Осыған дейін өңір басшысы Нұралхан Көшеров аймақта ашылған және енді ашылатын өндіріс орындарында жұмыс істейтін жастарды даярлауды тапсырған болатын. Осы тұста Қазығұрт ауданы «№11 колледж» МКҚК-ның ұйымдастыруымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Ашық есік» күні өтіп, оған колледж студенттері қатысты.
Алдымен түрлі заманауи, техникалық құрал-жабдықтардың көрмесі өтті. Аудан әкімі Азизхан Исмаилов көрмені аралап, оқытушылар және студенттермен тілдесті. Көрмедегі стендтер мен мен демонстрацияларды қарап, колледж студенттерінің жетістіктері мен мен олардың тәжірибелік дағдыларына жоғары бағасын берді.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өткізілген ашық есік күні жастардың білімі мен дағдыларын жетілдіруге, мамандық таңдауда дұрыс бағыт ұстануға мүмкіндік береді. Мен бүгін колледж студенттерімен кездесіп, сіздердің жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықтарыңыз бен ұмтылыстарыңызды байқадым. Көрмеге қатысып, техникалық салалардағы жаңа технологиялар мен заманауи жабдықтармен таныстым. Бұл сөзсіз студенттерге сапалы білім мен тәжірибе алу үшін тамаша мүмкіндіктер береді. Біз аудан әкімдігі өз тарапымыздан жастарды оқыту және кәсіби білім беру саласында барлық қолдауды көрсетуге дайынбыз. Сіздердің алдарыңызда үлкен болашақ тұр, әрқайсыңыз өз саласында табысты маман бола аласыздар. Сондықтан білім алуға, өзіңізді дамытуға бағытталған қадамдарыңызды ешқашан тоқтатпаңыздар» — деді аудан басшысы.
Бұл шараның мақсаты — студенттерге жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын түсіндіру, осы саладағы мүмкіндіктер мен жетістіктерді көрсету, сондай-ақ, жастарды кәсіби білім алуға және нақты өндірістік дағдыларды меңгеруге ынталандыру.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі