ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТУ ӘУЕ ШАРЫ АРҚЫЛЫ БИІКТЕ ЖЕЛБІРЕДІ
Келес ауданында 4 маусым – Қазақстан Республикасының Рәміздері күніне орай, «Рәміздер елдігімнің реңі, теңдігімнің тірегі» атты мәдени салтанатты шарасы өтті. Абай ауылындағы орталық алаңда ұйымдастырылған іс-шараға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, тұрғындарды мәртебелі мерекемен құттықтады.
– 1992 жылғы дәл осы күні тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Мемлекеттік рәміздер барлық уақыт пен заманда қоғамдағы әр адам үшін қастерлі де, қасиетті. Рәміздер халықтың бостандығы мен тәуелсіздігін бейнелейді, оның құндылықтары мен қасиетті жерлерін, ата-бабалар жадын және жаңа ұрпақтың болашақ жетістіктерін білдіреді. Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, туымыздың мәртебесі биік болсын! Рәміздер күні құтты да, берекелі болып, ел бірлігі жасай берсін, — деді аудан басшысы.
Салтанатты жиын барысында еліміздің көк байрағы әуе шары арқылы көкке көтерілді. Ту көтеру рәсімі мерекелік бағдарламаға ұласты. Мерекеде Әшірәлі Кенжеев атындағы аудандық мәдениет үйінің ұжымы патриоттық әндер шырқап, көпшілікке жігер сыйлады.
Айта кетейік, 1992 жылдың қаңтарында Мемлекеттік ту, Елтаңба және Гимннің жобасын дайындау туралы байқау жарияланды. Тәуелсіз Қазақстанның Әнұраны сол жылы бекітіліп, 2006 жылы жаңа Әнұран қабылданған-ды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі