ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТІК ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ БАЛАЛАР ҚУАНЫШҚА БӨЛЕНДІ
Түркістан облысы Келес ауданындағы «Даму» мүгедектер қоры қоғамдық бірлестігіне қарасты мүгедек балдарды оңалту орталығында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналып жаңа жылдық кеш ұйымдастырылды. Балаларға арналып ұйымдастырылған шараға Келес ауданы әкімінің м.у.а. Алмас Сексенбаев қатысып, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады.
– Балалар, келе жатқан Жаңа жыл мерекесі құтты болсын! Жаңа жыл әр бала үшін жыл бойы күтетін ерекше мереке. Сендердің жүздеріңнен күлкі, қуаныштың табын көру біз үшін үлкен мәртебе. Сендер осындай ерекше елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Бүгінгі елімізде атқарылып отырған игі істердің барлығы сендердің жарқын болашақтарың үшін жасалып жатыр, — деген ол.
Мереке барысында мүмкіндігі шектеулі балалар ертегі кейіпкерлерімен және Аяз ата, Ақшақармен бірге суретке түсіп, көңілді әуенге би биледі.
Орталықта 55 мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиеленуде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі