ТҮРКІСТАН: МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ҚОСЫМШАСЫН ЖАСАП ШЫҒАРДЫ

Сарыағаш ауданының №4 мамандандырылған мектеп-интернатының 10 сынып оқушысы Жансерік Камал он үш жасынан бастап смартфонның кең мүмкіндіктерін меңгеріп, сол арқылы табысқа қол жеткізе бастаған. 2023-2024 оқу жылында ғылыми жобалар конкурсына ұсынған жұмысында Жансерік “JARIQ” жасанды интеллект мобильдік қосымшасын жасап оның мүмкіндіктерін көпке дәлелдей алды. Үш тілде қызмет көрсететін қосымша дыбыстық хабарламаларды жазбаша мәтінге айналдырып қана қоймай, қойылған сұрақтарға қазақ тілінде жауап беруімен ерекшеленеді.
Конкурстың облыстық турында жеңімпаз атанған жоба республикалық кезеңге жолдама алып үлгерген. Қазіргі таңда қосымшны “Google Play Market”-тен жүктеп алуға болады.
Айта кетейік, аталған қосымша оқушының алғашқы жобасы емес. Дарынды жасөспірім 2022-2023 оқу жылында ғылыми жобалар конкурсына ұсынған жұмысында демалыс орындарына келген қонақтарға сусын жеткізуші «Қолқанат» роботының макетін жасаған. Роботты аппараттық және бағдарламалық жасақтамадан тұратын “Arduino UNO”платформасы арқылы жасап, оны арнайы роботқа дыбыс жазатын zvukogram.com сайты арқылы қазақ тілінде сөйлей алатын еткен.