ТҮРКІСТАН МЕН ҚЫРҒЫЗСТАН АРАСЫНДА ТУРИСТІК БАЙЛАНЫСТАР АРТАДЫ
ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев пен «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының директоры Серікболсын Сандыбаев Қырғызстанда өтіп жатқан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің туристік кеңес отырысына қатысты.
Кеңес барысында туризм саласындағы жаңа тенденциялар, ТМД құрамына кіретін мемлекеттер арасында бірлескен халықаралық туристік іс-шаралар ұйымдастырып, күнтізбе жасау, 2025 жылға жұмыс жоспары және ТМД елдерінің туристік индустрия қауымдастығы мен бірлескен жұмыс алаңын құру мәселелері талқыланды.
Кеңестің мақсаты – мемлекеттік органдар, ұлттық және өңірлік туристік ұйымдар, фирмалар, кәсіпорындар және халықаралық туристік ұйымдар арасында туризм саласындағы тең құқылы және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту.
Нұртас Кәріпбаев өз сөзінде туризм – экономикалық өсім мен мәдени алмасудың маңызды бөлігі екенін айтып өтті. «ТМД аясындағы ынтымақтастық – барлық қатысушы мемлекеттердің туризм саласында жаңа мүмкіндігін ашады» деген ойын білдірді.
Түркістан облысының туристік әлеуеті аталған кеңес отырысы аясында өткен жәрмеңкеде кеңінен таныстырылды. Алдағы уақытта іс-шаралар күнтізбесіне бірлесе атқарар жобаларды енгізу жоспарға қойылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі