ТҮРКІСТАН: НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ҚАЗЫҒҰРТТА ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТТІ

«Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі» Қазығұрт елді мекеніндегі орталық алаңда ұлттық нақыштағы сән-салтанатымен жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Осынау айтулы мерекені аудан тұрғындары да зор қуанышпен атап өтті.
✔️Наурыз мерекесіне арналған салтанатты шарада аудан әкімі Азизхан Исмаилов қатысып, Наурыз мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
✔️Мерекелік шара барысында ұлттық дәстүрді ұлықтайтын әндер шырқалып, жас өнерпаздар мың бұрала билеп, аудандық мәдениет сарайының қызметкерлері сахналық қойылымдар көрсетті. Көріністерде ата-бабаларымыздан келе жатқан салт-дәстүрлер мен құндылықтардың маңызы айшықталып, ұрпақтар сабақтастығы дәріптелді.
✔️Түркі тілдес халықтардың ортақ жаңа жылы – Ұлыстың ұлы күніне орай аудан халқы ұлттық нақыштағы киімдерімен мерекенің сәнін кіргізді. Ақ жаулықты әжелеріміз ұлттық салт-дәстүрлеріміз «Бесікке салу», «Тұсаукесер» рәсімдерін өткізіп, жас келіндер мен қыздарға, болашақ аналарға нәрестені бесікке салу кезінде кездесетін ырымдар мен тыйымдарды әңгімеледі. Сондай-ақ бүлдіршіннің тұсауы кесіліп, үлкен өмірге алғашқы қадамын жасады. Жастар жағы аударыспақ, арқан тарту, кір тасын көтеру жарыстарына қатысып, жеңімпаздар сыйлықтармен марапатталды.
✔️Сонымен қатар мерекелік жиында арнайы киіз үй тігіліп, мерекелік дастархан жайып, «Наурыз көже» дайындады.
✔️Көршілес Өзбекстан елінен келген цирк әртістері аудан тұрғындарын тамаша өнерлерімен тәнті етсе, «Шаншар» театрының әртістері Уәлибек Абдіраймов пен Жүсіп Ақшора мерекені тамашалауға келген көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады. Наурыз мейрамы – жаңарудың, татулық пен ізгіліктің бастауы екенін тағы бір мәрте дәлелдеген бұл жиын аудан тұрғындары мен келген қонақтардың көңілінде ерекше әсер қалдырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі