ТҮРКІСТАН: НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ҚҰРЫЛЫСҚА ҚАТЫСТЫ ҚАТАҢ ТАЛАП ҚОЙДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Арыс қаласына іссапары барысында нысандардың құрылысын қадағалады. Әлеуметтік нысан құрылысын қатаң сынға алған өңір басшысы жауаптыларға талап қойды. Сапасыз және созылған құрылысқа жауапты компанияларды қомақты айыппұл мен қара тізім күтіп тұрғанын айтты. Әкім құрылыста салғырттық танытып, сыныққа сылтау іздемеуді ескертті. Кемшіліктерді шұғыл ретке келтіруге уақыт берді.
✔️«Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 600 орындық мектептің жай-күйімен танысқан облыс әкімі Президент тапсырмасымен жүзеге асып жатқан мектептердің құрылысын жазға дейін аяқтауды тапсырды. Жауапсыздық танытқандардың тәртіптік жауапкершілігін қарауды міндеттеді. Ұлттық жобаның бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы. Осы жоба аясында облыста 29 жаңа мектеп ашылады.
📌– Сіздердің немқұрайлылықтарыңыз халыққа зиянын тигізбеуі тиіс. Құрылыста демалыс деген жоқ. Жұмыс «қайнап жату» керек! Жауаптылар құрылыстың басында жұмысты талап етіп жүруі қажет. Олай болмаса, іс өнбейді. Қаражат бөлінген, құжат бойынша тұруы тиіс есік-терезесі неге әлі салынбаған? Жылу неге қосылмаған? Мен келгенде ғана осында жүресіздер, қалған уақытта көлеңке көрсетпейсіздер. Кімді алдап жүрсіздер? Созбалаңға салмай, мектепті жазға дейін аяқтаңыздар, – деді Нұралхан Көшеров.
✔️Облыс басшысының құрылысы енді аяқталған дәрігерлік амбулаторияның ішкі әрлеу жұмыстарына да көңілі толмады. Қожатоғай ауылдық округінде бой көтерген медициналық нысан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында салынған. Әкім кем-кетіктерді ретке келтіруге 1 ай уақыт берді.
📌– Сіздер үйлеріңізге осындай нашар есік қояр ма едіңіздер? Жоқ! Қыруар ақшаға салынған соң, жауапкершілік керек. Мынау тірліктеріңіз ұят. Халықтың қаражатына салып отырсыздыздар, жанашырлық болуы керек қой! Осы ауылдың азаматы екенсіз, ендеше жауапкершілік еселеп артады. Ауылдастарыңыз келетін жер ғой. Неге бірден сапалы, дұрыс істемеске? — деді әкім.
📌Аталған мәселелер бойынша жауапты басқарма басшыларына, қала әкіміне тиісті тапсырмалар берілді. Құрылыс қарқыны қатаң бақылауға алынды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі