ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ КЕЗЕКТІ СЕССИЯСЫНДА 13 МӘСЕЛЕ ҚАРАЛДЫ

✔️2025 жылғы 19 ақпан күні сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он бесінші сессиясы өтті. Сессия жұмысының алдында мәслихат төрағасы облыстағы жаңа кадрлық тағайындауларға тоқталып өтті. Сонымен қатар облыс әкімі өңірдің дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа Құрмет грамотасын табыстады.
✔️Сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті он бесінші сессиясының жұмысына облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, қалалық, аудандық мәслихат төрағалары, облыстың мемлекеттік органдарының басшылары, облыстық қоғамдық ұйымдар өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді.
✔️Күн тәртібінде 13 мәселе қаралды. Олардың бірқатарына тоқталсақ, Түркістан облысындағы кеден бекеттерінің жұмысы және облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өзекті мәселелері туралы, облыс әкімдігінің жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы жөнінде баяндамалар жасалды.
🔁Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер және архивтер басқармасы мен Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасы басшыларының есептері тыңдалды.
✔️Депутаттар пікірлерін білдіріп, шешім жобаларына өз ұсыныстарын енгізді.
Күн тәртібінде қаралған маңызды мәселелердің бірі «Түркістан облысының басқару схемасына» өзгерістер мен толықтыру енгізу бойынша шешім қабылданды. Одан бөлек, кадрлық өзгерістерге байланысты Түркістан облысы әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізілді. Жалпы, сессия жұмысында қаралған мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады.
⤵️Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сессия жұмысын қорытындылап, мәслихат жұмысына табыс тіледі.
📌– Бүгінгі мәслихат сессиясында маңызды мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Бұл шешімдер облыстың дамуына оң әсерін береді деп есептеймін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметтің кеңейтілген отырысында стратегиялық жоспарлар жасау, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жақсарту, агроөнеркәсіп кешеніндегі өсімді ұлғайту, салық-бюджет саясатын реформалау, денсаулық сақтау және білім беру саласын одан әрі дамытуды тапсырды. Бюджет қаражатын қатаң үнемдеп, нақты елге қажет жобаларға жұмсау керектігін ескертті. Біз экономиканы әртараптандыру, кіріс көздерін ұлғайту, инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашуға басымдық беріп жатырмыз. Сонымен бірге агроөнеркәсіп кешенін дамыту, су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстарын жандандырдық. Президентіміз биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Облыста атаулы жылды атап өту бойынша арнайы іс-шара жоспары әзірленді. Өңірдегі колледждер кәсіпорындармен бірлесіп, қажетті мамандарды даярлауға белсене атсалысады. Облыста салынған зауыттар мен фабрикаларда өзіміздің жастар, тұрғындар жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан өндіріске қажетті арнайы мамандарды, жұмысшыларды даярлау бойынша тиісті жұмыстар атқарылады. Бұл бастамаға депутаттар да атсалысып, өз үлестерін қосуы керек. «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы Мәжіліс пен Сенаттан қолдау тауып, Президентке қол қоюға ұсынылды. Бұл – Түркістан қаласын ғана емес, тұтас өңірді дамуға жетелейтін маңызды құжат. Түркістанды дамыту – тарихқа деген құрмет. Өңір дамуы үшін ел бастаған азаматтар ынтымақпен жұмыс істеуі тиіс. Бірлік болса, тірлік берекелі, ел мерекелі болады. Сондықтан алға қойған мақсаттар мен міндеттерді бірлесіп орындауымыз қажет, – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі