ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МАҢЫЗДЫ ҮШ АЙНАЛМА ЖОЛМЕН ТОЛЫҒАДЫ

Түркістан облысы құрылғалы облыс орталығында жалпы құны 445 млрд. теңгеге 257 жаңа нысан салынып, жобалар жүзеге асты. Оның ішінде халықаралық әуежай, мәдени-рухани және әкімшілік-іскерлік орталықтардағы нысандар салынып, Бекзат Саттарханов даңғылы қайта жаңартылды, өнеркәсіптік аймақтардағы инфрақұрылым құрылыстары жүргізілді. Түркістан қаласына жаңа магистральды су құбырлары жүргізіліп, қала толық газдандырылды. Бұл туралы Түркістан өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай мәлім етті.

Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың Кешенді жоспары аясында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің құрылыстарын жүргізу, «Шымкент қаласының оңтүстік-батыс айналма жолы» ұзындығы –48 шақырым, «Сарыағаш қаласының айналма жолы» ұзындығы – 102 шақырым, «Түркістан қаласының шығыс айналма жолы» ұзындығы – 30 шақырым автожолдары сияқты ірі жобалар қарастырылған. Бұдан басқа, өңірдің туристік әлеуетін дамыту мақсатында «Қасқасу» тау шаңғысы курортына инфрақұрылын жүргізу, Түркістан қаласында туристік-рекреациялық орталығын салу жоспарлануда.

– Сонымен қатар «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жұмыстары жалғастырылады, Күлтөбе қалашығының тарихи нысандары қалпына келтіріледі. Арнайы экономикалық аймаққа кіретін индустриялық аймақтың инженерлік жүйелерінің құрылысы аяқталады. Түркістан облысы – еліміздегі халық ең тығыз қоныстанған аймақ. Облысымызда 2 миллионнан астам адам тұрады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде әлеуметтік саладағы бастамалардың әр азаматтың тұрмысына өзгеріс әкелетінін айтып өтті. Жалпы, 2022 жылы 349 бюджеттік инвестиялық жобаларды іске асыру жоспарланған. Жыл қорытындысымен 107 нысан пайдалануға тапсырылады, қалғандары келесі жылға өтпелі, – деді Арман Жетпісбай.
Қаржыландырудың барлық көздері есебінен 2022 жылы 855 мың ш.м. тұрғын үй беру жоспарланып, 11 айының қорытындысымен облыс бойынша 811,6 мың ш.м. (6811 пәтер) тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылмен салыстырғанда 136,7% орындалды. Бюджет есебінен тұрғын үй құрылысына 35,9 млрд. теңге бөлініп, аталған қаржыға 129 үй немесе 8 мыңға жуық (7928) пәтер салынуда, оның ішінде 6979 пәтер – әлеуметтік-кредиттік. 949 пәтер халықтың әлеуметтік осал топтарына және көпбалалы отбасыларға арналған, жыл қорытындысымен 60 тұрғын үй (3 594 пәтер) пайдалануға беріледі.
Білім саласында жалпы құны 20,9 млрд. теңгеге 51 нысанның (13 000 оқушыға арналған) құрылысы жүргізілуде, оның 22-і (5000 оқушыға араналған) пайдалануға тапсырылады (бүгінгі таңда 14 мектеп тапсырылды), қалғаны 2023 жылға өтпелі. Бүгінде мемлекет мектеп тапшылығы мәселесін шешуге ерекше күш салуда. Соңғы жылдары Түркістан облысында 83 жаңа мектеп пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қосымша 60-тан астам мектеп құрылысы қарастырылған.
Денсаулық сақтау саласында 2,8 млрд. теңгеге 20 нысан іске асырылуда, жыл қорытындысымен 4-еуі (Шардарада 150 келушіге араналған емхана, Түркістан қаласында жедел жәрдем станциясы, Ордабасы ауданында 2 ФАП) пайдалануға тапсырылды. Әлеуметтік қамтамасыз ету нысандарын салу және реконструкциялау 1 нысан (Кентау қ. оңалту орталық) құрылысына 2,3 млрд. теңге бөлінген, нысан 2023 жылы тапсырылмақ.
Мәдениет саласы бойынша 14 нысанның құрылысына 2,2 млрд. теңге бөлінген, нысандар 2023 жылға өтпелі. Спорт саласында 13,8 млрд. теңгеге 12 нысан іске асырылуда, оның 2-ін пайдалануға тапсыру жоспарланған, қалғаны 2023 жылға өтпелі. Туризм саласында 2 нысанның құрылысын пайдалануға тапсыру жоспарда, «Қасқасу» туристік-рекреациялық кешенінің инженерлік-коммуникациялық жүйелері келесі жылға өтпелі. Ауыл шаруашылығы саласында 2,5 млрд. теңгеге 4 нысанның құрылысы жүргізілуде (су төмендету, «Шаға», «Кеңсай-Қосқорған» (2- кезек), дренаж), нысандар 2023 жылға өтпелі
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі