ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ АШЫЛДЫ

Түркістанда облыстық прокуратураның жаңа ғимараты ашылды. Әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан қаланың сәулеттік стиліне үйлесімді 7 қабатты нысанның ашылуына еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, облыс прокурорлары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, прокуратура ардагерлері қатысты. Бас прокурор Түркістан өңірінің тарихи рөліне тоқталып, өңір басшылығының еңбегін ерекше атап өтті. Ведомство алдында тұрған негізгі міндеттерге және Мемлекет басшысының тапсырмаларына тоқталды — бұл азаматтар мен бизнестің құқықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғау.

– Түркістан – түркі халқының күш пен батыл бесік мекені, Ұлы Жібек Жолының жүрегі. Ел басшылығының қолдауымен бұл ежелгі қала танымастай өзгерді және мыңдаған туристер келетін туристік орталыққа айналды. Сондықтан, өңірдің тұрғындары мен қонақтары үшін заңдылық пен құқықтық тәртіпті, қолайлы және қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ету барлық құқық қорғау органдарының басты міндеті болып табылады. Қадағалау қызметін тиісті түрде жүзеге асыру үшін облыс әкімдігінің қолдауымен қаланың сәулеттік стиліне үйлесімді жаңа прокуратура ғимараты салынды. Облыс прокуратурасының қызметкерлері өңірдегі заңдылық ахуалын сақтауға, қоғам өмірінің барлық салаларында азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге бағытында күш салатынына сенімдімін. Бұл үшін барлық жағдай жасалған, – деді Бас прокурор Берік Асылов.
Прокуратура қызметкерлерін жаңа қоныспен құттықтаған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жылы лебізін білдіре келе, заңдылықтың нығаюы істеріне сәттілік тіледі.
– Өңіріміз бәсекеге қабілетті аймаққа айналып келеді. Бүгінде Мемлекет басшысы Түркістанға рухани және тарихи астана мәртебесін беру ұсынысынына байланысты жұмыстар жүріп жатыр. Оған толық негіз бар. Себебі Түркістан – Қазақ хандығының астанасы болған ұлы шаһар. Тарихи шешімдер осы қалада қабылданған. Жаңа Түркістан өз келбетін қалыптастырып, зәулім нысандар бой көтерді. Олардың қатарын бүгін облыстық прокуратураның жаңа ғимараты толықтырып отыр. Түркістан өңірінің қалыптасуына сіздердің үлестеріңіз мол. Оны ел де жоғары бағалайды. Ел мүддесі үшін еңбек етейік. Киелі жерде қызмет еткен әр күндеріңіз сәтті, қабылдаған әр шешімдеріңіз әділетті болсын. Қоныс құтты болсын! – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Салтанатты шараға қатысқан қонақтарға облыс прокуратурасының ғимаратының таныстырылымы өтті. Жеті қабатты ғирамат жаңа заман талаптарына сай келетін қауіпсіздік пен технологиялық нормаларды ескере отырып салынған. Бірнеше мәжіліс залы жасақталған. Түркістан өңірінің тарихынан бастап, прокуратура тарихына шолу жасауға болатын мұражай ашылған. Сонымен бірге спорт залы бар. Мұнда қызметкерлерге спортпен шұғылдануға жағдай жасалған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі