ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 3 МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың медициналық көмекті қолжетімді ету және инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында ауқымды жұмыс жүруде. Бұл жұмыстар облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қадағалауына алынған. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында 1 күнде 3 медициналық нысан ашылды.
Отырар ауданының Аққұм ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев салтанатты ашылу рәсімінде тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Басқарма басшысы өз сөзінде 2024 жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында облыста 49 медициналық нысанның құрылысы жүргізілгенін атап өтті.
Аталған нысанда 1 дәрігер, 6 мейіргер, 1 акушерка, 1 стоматолог, 1 лаборант, 1 автокөлік жүргізушісі, 1 кіші буын қызметкер, 2 қарауыл жұмыс істейді. Дәрігерлік амбулатория ЭКГ және гинекологиялық орындықтармен қамтамасыз етілген. Физотерапиялық және оңалту аппараттармен қамтылған.
Сол күні Арыс қаласының Қожатоғай елді мекенінде жаңа медициналық тірек, ал Монтайтас ауылында фельдшерлік-акушерлік бекет ашылды. Ауыл тұрғындары игі іске ризашылықтарын білдіріп, ел азаматтарына алғыстарын жеткізді.
Түркістан облысында биыл 49 медициналық нысан салу жоспарланған, оның ішінде 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункттің құрылысы жүргізілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі