ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА БІР ЖЫЛДА 154 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ
Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша инфрақұрылымды жақсарту, әлеуметтік нысандармен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 2024 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 182 елді мекенде 213 жобаны іске асыруға бюджеттен жалпы 30,1 млрд теңге бөлінді. Оның 57-сі өтпелі, 156-сы – жаңа жобалар. Бір жылда 154 жоба жүзеге асырылып, қаржының 99,2 пайызы игерілген.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасына қатысты жоспарлар мен мәселелер облыс әкімдігінде талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берді.
– Аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшылары «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстарын уақтылы өткізіп, жұмысты үйлестірулері керек. Нысандардың құрылысы жылдам басталып, уақтылы аяқталуы тиіс. Осыған мән беріңіздер. Кемшілікке жол бергендердің қызметтік жауапкершілігі қаралады. Аталған жоба бойынша әр аудан әкімінің екі-үш жылға арналған жоспары әзірленуі қажет. Ауылдар мен елді мекендер зерделеніп, халыққа аса қажетті әрі өмір сапасына тікелей әсер ететін жобалар жүзеге асырылсын, – деген Нұралхан Көшеров жұмысты дұрыс үйлестіре алмаған әкімдердің есептерін тыңдап, тиісті міндеттер жүктеді.
Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, 2024 жылы атқарылған жұмыстар нәтижесінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы 4 мәдениет үйі, 4 спорт нысаны, 1 мектептің қосымша оқу корпусы салынса, 20 электрмен жабдықтау, 12 газбен қамтамасыз ету нысанының құрылыс жұмыстары жүргізілген. Оған қоса 4 мектеп, 4 мәдениет үйі, 3 ауыз су нысаны күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ жол жөндеу саласында 102 жоба іске асырылып, 339 ішкі көше (330 шақырым) орташа жөндеуден өткізілді. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 1,5 мыңнан аса жұмыс орны құрылған.
2025 жылы 139 жобаны (85 жаңа жоба, 54 өтпелі) іске асыруға бюджеттен қаржы бөлу жоспарланды. Жобаларды іске асыру барысында мыңнан аса жаңа жұмыс орнын (250 тұрақты, 833 уақытша) ашу көзделген. 2025 жылға 85 жаңа жобаларды іске асыруға 13,3 млрд теңге қарастырылмақ. Нәтижесінде 503,9 мың халық тұратын 140 елді мекендегі әлеуметтік-инфрақұрылымдық нысандардың жағдайы жақсарады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі