ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫМЕН АЙНАЛЫСУШЫЛАР САНЫ 2 ЕСЕГЕ АРТТЫ
Соңғы жылдары Түркістан өңірінде балық шаруашылығы жақсы дамып келеді. Мемлекет тарапынан да қолдау күшейтілген. Облыс әкімінің тапсырмасымен сәйкес өңірде 2024 жылға дейін 10 мың тонна тауарлы балық өндіруді қамтамасыз ету мақсатында жоспар түзілген. Арнайы жұмысшы топ арқылы тұрғындарға жаңадан балық шаруашылықтарын ашу, оларды заңдастыру, тиісті органдарда тіркеу және «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алу тетіктері түсіндірілді.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесімен жаңадан 97 шаруашылық ашылып, тауарлы балық өсірумен айналысатындардың саны 224 ке жетті. 2022 жылы 127 болатын. Алдағы уақытта балық шаруашылығын жетекші салалардың біріне айналдыру көзделіп отыр. Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде өңір басшысы Дархан Сатыбалды осы саланы дамыту, жұмыстарды ширату жөнінде тапсырмалар берді.
– Аудан, қалаларды аралау барысында өз үйінің жанынан су тартып, балық шаруашылығын дамытып жүрген кәсіпкерлермен жүздестік. Негізі өте әлеуеті зор сала. Әлі де елге осы саланың қыр-сырын түсіндіріп, насихаттау керек. Қолдау көрсеткен жөн. Бірінші кезекте бұл арқылы тұрғындар жұмыспен қамтылып, табысын арттырады. Екіншіден, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешуде де маңызы айрықша, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте Түркістан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев балық шаруашылығын дамыту жұмыстары туралы есеп берді. Облыс аумағында балық шаруашылығын жүргізу мақсатында барлығы 112 су айдыны, оның ішінде республикалық маңызы бар 8, жергілікті маңызы бар 104 су айдыны заңдастырылып, 94 су айдыны табиғат пайдаланушыларға бекітілген. Жүргізілген тексеру және анықтау жұмыстарының нәтижесімен 4 көлдің ұлтаны мен айналасындағы жер жеке меншікте болуына байланысты, жер иеленушілерге бекітіп беру шаралары жүргізілуде, 14 көл табиғат пайдаланушылардан қайтарылып, резервке алынды. Алдағы уақытта заңға сәйкес конкурсқа қойылады.
Аудан, қала әкімдіктері мен балық шаруашылығы инспекциясының статистикалық мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі күнге облыс бойынша 10400 тонна тауарлы балық өндіріліп, тапсырма орындалған. Сонымен қатар облыстағы балық өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар 4900 тонна балық өңдеді («Хамит» Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша 2023 жылға бекітілген «Балық өнімін өндіру» индикаторы толығымен орындалды.
Саланың дамуына мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетіліп, 2023 жылы облыстық бюджеттен акваөсіру бойынша 31 кәсіпкерге 500 млн. теңге, республикалық бюджеттен 7 кәсіпкерге 123,8 млн. теңге инвестсубсидия берілді. Сонымен қатар «Түркістан ӘКК» АҚ-на 14 кәсіпкермен 5,4 млрд. теңге көлемінде несие алуға құжаттар ұсынылып, 5 кәсіпкерге 3,7 млрд. теңге несие беру мақұлданды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 35 кәсіпкер 249,5 млн. теңге жеңілдетілген несие алып, шаруашылықтарын дамытуда. Алдағы уақытта жоспарға сәйкес, Қазығұрт ауданында – 4, Бәйдібек, Мақтарал, Жетісай аудандары мен Арыс қаласында бір-бірден, Төлеби ауданында – 3 және Созақ ауданында – 7 шаруашылық ашылып, Сырдария өзенінің бойынан Шардара, Сарығаш аудандарындағы бұрынғы балық тұқымбақтары (466,7 га) іске қосылса, тауарлы балық өндірушілердің саны 250-ге жетіп, облыс тұрғындарын балық өнімдерімен қамтамасыз етуге қол жеткізіледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі