ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДА СЕМИНАР ӨТТІ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, өңірде балық шаруашылығын дамыту бағытында семинарлар өткізілуде. Осы ретте Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында орналасқан «Шоқ-Талап» шаруа қожалығында балық шаруашылығымен айналысуға ниетті тұрғындар үшін арнайы семинар ұйымдастырылды.
Биыл жаңадан ашылған шаруа қожалығының жұмыстарымен танысу және алдағы уақытта балық шаруашылығын ашуға қызығушылық танытқан кәсіпкерлермен тәжірибе алмасу мақсатында өткен семинарға аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов, Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Абай Сәдірхожа қатысты.
«Шоқ-Талап» шаруа қожалығының төрағасы Бақыт Омарбеков биыл 2 га аумаққа жасанды көл жасап, 1600 дана сазан шабағын жібергенін айтып, өзендердің жағалауынан жасанды көл жасауға рұқсат алу басты мақсат екенін жеткізді. Сонымен қоса жеке кәсіпкер Абзал Арынбеков Шаян өзені аңғарынан өзіне ұзақ мерзімге берілген жер телімін пайдалану үшін қандай жұмыстар атқарылу керектігін сұраса, Боралдай ауылдық округінен ЖК «Хайдар Радмир» 2 га аумақ жасанды көлге африкалық сомның 10 мың шабағы және 1 мың сазан жіберілгендігі жайлы мәліметімен бөлісе келе қазіргі таңда балықтың дайын азығының тым қымбаттығынан шаруалар қолдан дайындалған азықты (корм) пайдаланып жатқандығын атап өтті.
Өз кезегінде Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Абай Сәдірхожа балық шаруашылығы бойынша кәсіпті қалай бастау керек, қандай жеңілдіктер қарастырылған және бастаған істі қалай кеңейтіп, дамыту керектігі жайында кеңінен түсіндіріп өтті. Семинарға қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сәйкесінше тұшымды жауаптар алды.
Бүгінде Түркістан облысында балық шаруашылығымен айналысушылардың қатары көбейіп келеді. Қазіргі таңда өңірде тауарлық балық өмірумен айналысатын шаруашылықтардың саны 200-ден асты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі