ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 1 МИЛЛИОНҒА ЖУЫҚ КӨШЕТ ЕГІЛДІ

Мемлекет басшысының Жолдауындағы республиканың орман қоры аумағына 2021-2025 жылдары 2 млрд көшет егу жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында, облыстың орман қоры аумақтарына 5 жылда 110 мың гектар жерге 170 млн ағаш егу жөнінде кешенді жоспар бекітілген.
Сонымен қатар облыс әкімдігімен бекітілген 2021-2025 жылдарға арналған ормандарды толықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайтудың кешенді жоспарын 2026-2027 жылдарға дейін қайта қарастыру бойынша Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ұсынымы назарға алынып, 2021-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар биылғы жылдың мамыр айында қайта бекітілді.
Биылғы жылдың қорытындысымен 27 866,5 гектар жерге 39 757,7 мың түп сексеуіл тұқымдары мен көшеттері отырғызылып, жоспар толығымен орындалды.
Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандыру мақсатында көктем айларында – 491 106 түп, ал күз айларында 506 323 түп әртүрлі көшет егілді. Жылдың қорытындысымен жалпы облыс көлемінде 1 миллионға жуық көшет егілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі