ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ ТӨРТ АУДАНДА ӘКІМ САЙЛАУЫ ӨТЕДІ

Биыл 5 қараша күні Түркістан облысында Шардара, Мақтаарал, Бәйдібек және Созақ аудандарында әкім сайлауы өтеді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жеңіс Мақұлбаев хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында биыл пилоттық түрде республикалық маңызы бар қала және аудан әкімдерінің сайлауы өтетінін мәлімдеген болатын. Осы ретте 2023 жылдың 11 қыркүйегінде өткен Түркістан облыстық мәслихатының сессиясында өңірдегі әкім сайлауы өтетін аудандар белгіленді.

— Аудан әкімі сайлауына кандидаттарды ұсыну 16 қыркүйек пен 5 қазан аралығында өтеді. Кандидат ҚР азаматы болуы және 25 жастан төмен болмауы керек. Сондай-ақ жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келуі тиіс. Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары 10 қазан мен 4 қараша аралығында жүреді. Сайланатын әкімнің өкілеттік мерзімі – 4 жыл. Кандидатты саяси партия не азамат өз-өзін ұсына алады. Сайлауға қатысу жарнасы 350 мың теңге, — деді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.

 

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі