ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БЫЛТЫР 1247,5 ШАҚЫРЫМ ЖОЛҒА ҚҰРЫЛЫС-ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

2022 жылы облыс аумағында құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 2 094,9 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелер қамтылып, жыл қорытындысымен 645 нысан немесе 1 247,5 шақырым жол мен көше пайдалануға берілген. Нәтижесінде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 87%-дан 92%-ға өсті.

Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен өткен жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуде негізгі басымдық облыс орталығы мен үлкен елді мекендерді «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізімен қосатын және туристік бағыттағы жолдарға берілді. Атап айтқанда, Төлеби ауданындағы Қасқасу және Біркөлік елді мекендеріндегі туристтік нысандарға баратын 18 шақырым жолдар толық жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Отырар ауданындағы Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары тізіміне енген Отырар ескі қалашығына баратын 16,9 шақырым жол жөндеуден өтті.

Сауран ауданы тұрғындарын облыс орталығы Түркістан қаласымен қосатын 52,6 шақырым облыстық маңызы бар жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Түлкібас ауданының Келтемашат, Даубаба және Састөбе бағытындағы 37,6 шақырымды құрайтын жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары атқарылды. Қазығұрт ауданындағы Тұрбат, Қақпақ, Қаржан, Жаңабазар елді мекендерін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізіне қосатын 56,7 шақырымдық күре жолдар орташа жөндеуден өткізілді.

Ордабасы ауданындағы Бадам, Шұбар, Қайнар, Ұялыжар, Теспе елді мекендерін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізімен жалғайтын 53,4 шақырым жолдарда асфальт жабындылары жаңартылды. Бәйдібек ауданы аумағындағы Шаян-Жамбыл, Мыңбұлақ-Нұра, Шалдар-Сарқырама-Бірлік бағыттарындағы 71,4 шақырым жол жөнделіп, халық игілігіне тапсырылды. Жетісай ауданының Сұлубұлақ, Үтіртөбе, Көктөбе елді мекендерін қосатын 11,5 шақырым жол күрделі жөндеуден өтіп, толық пайдалануға берілді. Келес ауданындағы Жаңадәуір, Ынтымақ, 28 гвардияшылар, Диқан, Қазақстан ауылдарын қосатын 15 шақырым жол орташа жөндеуден өткізілді. Сайрам ауданының Көлкент, Ақсуабад, Әйтекеби және Сайрам, Абдуллабад елді мекендерін жалғайтын 38,2 шақырым жолдарға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, 1 көпірге күрделі жөндеу және 4 көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды.

2023 жылы автомобиль жолдарының құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 660 нысан немесе 1594,2 шақырым жолдар мен көшелер қамтылып, жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына дейін 1238,3 шақырымды құрайтын 604 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Айта кетейік, Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 503,9 шақырымды құрайды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызмет