ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕЛДІ МЕКЕНДЕР МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАНДАРМЕН ҚАМТЫЛДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді мекендерде денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымды жақсартып, қолжетімділікті арттыруды тапсырған болатын. Осы бағытта Түркістан облысында ауқымды жұмыс атқарылуда. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, өңірде тұрғындардың қажеттілігін қамтамасыз ету, медициналық көмек көрсету сапасын арттыру мақсатында заманауи медициналық нысандар салуға, бейінді мамандар даярлауға басымдық берілуде.
– Түркістан облысында былтыр 55 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қолға алынды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында 48 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жүргізілді. Бірнеше медициналық нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде ауылдар мен елді мекендердің 100 мыңнан астам тұрғыны медициналық көмекпен қамтылмақ. Сонымен бірге өңірдегі ауруханалар мен емханаларға заманауи құрылғылар, жедел жәрдем көліктері алынды. Ауылдарда медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру жұмысы жалғасады, – дейді Бейсенбай Тәжібаев.
Жаңадан ашылатын нысандарда санитарлық талаптар, өрт қауіпсіздігі сақталған. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұл мекемелер ауыл тұрғындарына сапалы алғашқы медициналық-санитариялық көмек түрлерін көрсетеді.
Бүгінгі таңда жалпы 58 медициналық нысанының қажеттілігі анықталып, оның 25 нысанын 2025 жылға іске асыру жоспарлануда.
Облыс тұрғындарын білікті медицина мамандарымен қамту ісі де тұрақты зерделеніп, тиісті жұмыс жүріп жатыр. Өңірде 423 бейінді маман бойынша тапшылық бар екені анықталған. Оның ішінде, 141-і Түркістан қаласындағы салынып жатқан 570 төсек-орындық облыстық көпбейінді ауруханаға тиесілі. Мамандармен қамту үшін 5 жылдық жоспар бойынша резидентураға 639 грант бөлу жоспарлануда. Ал 2023 жылдан бері 176 грант игерілді.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медицина ұйымдарында жалпы 24 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Былтыр 40 дәрігер Ресейде, 234 орта буын медицина қызметкері Астана қаласындағы ҚР іс басқармасы медициналық ауруханасында біліктілігін арттырған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі