ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭТНОСАРАЛЫҚ КЕЛІСІМДІ САҚТАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ
Бүгін Түркістан қаласында Республика күні қарсаңында облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдар — этносаралық шиеленістің алдын алу мен болдырмаудың тиімді тетігі» атты семинар өтті.
Басқосудың мақсаты – Түркістан облысы аумағында қоғамдық-саяси және этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету, ұлтына, тіліне қарамастан халықтың бір-біріне деген құрметін, достық көзқарасын қалыптастыру. Жиынға аудандық және қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары мен мүшелері, түрлі этнос өкілдері қатысты.
Семинарды Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Ерлан Керімбеков ашып, жүргізіп отырды. Кездесуде Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов, ОҚМПУ-нің «Рухани жаңғыру» және тәрбие бөлімі басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбаев, ОҚМПУ-нің «Маркетинг және мансап» департаментінің басшысы заңгер-ғалым, Қазақстан заңгерлер одағының мүшесі Ғалымжан Битұрсын, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова баяндама жасады.
«Этностар арасында келеңсіздікке жол бермеу — баршамызға зор жауапкершілік жүктейді. Тұрақтылық болмаған жерде даму да болмайды. Бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдарына, оның мүшелеріне артылған сенім жүгі жоғары. Біз бірлесе атқарған жұмыстар арқылы азаматтарымыздың татулығы мен бірлігін, қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ете аламыз», — деді Созақбай Исаұлы.
Жиын соңында қоғамдық қызметте белсенділік танытып, өз үлестерін қосып жүрген бірқатар аудандық және қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары мен Аналар кеңесінің төрайымдары басқарма басшысының Алғыс хатымен марапатталды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі