ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭТНОСТАРДЫҢ ТІЛІ, МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Түркістан қаласында жаңадан бой көтерген «Достық үйінде» облыстық «Ынтымақ» этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен «Этностардың тілі, мәдениеті және салт-дәстүрлері күні» аталып өтті.
Еліміздегі тұрақтылықты, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту мақсатында өткен шараға облыстық ҚХА мүшелері, облыстық этномәдени бірлестіктер өкілдері, сондай-ақ Қырғызстан, Түрікменстан, Ауғанстан, Дағыстаннан келген меймандар, «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің студенттері қатысты.
Мерекелік іс-шараға Түркістан облыстық «Ынтымақ» этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбарам Малбаева модераторлық етті.
Іс-шараға қатысушылар алдымен этномәдени қоғамдық бірлестіктің арнайы әзірлеген көрмесімен танысты.
Шараның ашылуында құттықтау сөз сөйлеген «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің вице-ректоры Еділ Төлегенов бірлікті бекемдеген жиынның маңыздылығына тоқталып, қоғамдық келісім мен тұрақтылық – біздің басты ұстанымымыз болуы тиіс екендігін айтып өтті.
Салтанатты жиын барысында «Ынтымақ» этномәдени бірлестігінің мүшесі, Қырғыз елінен келген Ақынали қызы Ақмарал,
Ауғанстаннан келген Алемах Алем, Түркменстаннан келген Лачын Халмуминова ізгі лебіздерін білдіріп, Қазақстанда әрбір этностың өз тілі мен мәдениетін сақтауына және дамытуына барлық жағдай жасалғаны үшін алғысын жеткізді.
Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, елдің ынтымағы мен бірлігін нығайтуға үлес қосып жүрген этномәдени бірлестік өкілдері, ҚХА мүшелері Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы
«Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиеваның атынан Алғыс хаттармен марапатталды.
Татулықты ту еткен тағылымды шарада патриоттық әндер шырқалып, жиналған жұртшылық берекелі бірлікті дәріптеген жиыннан ерекше әсер алып тарқасты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі