ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ САНЫ 160 МЫҢҒА ЖЕТТІ
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының ұйымдастыруымен барлық аудан және қалаларда кәсіпкерлермен семинар-кездесулер өтуде. Семинар-кездесулердің негізгі мақсаты – кәсіпкерлерге және кәсіпкерлікті бастауға ниет еткен халыққа мемлекеттік қолдау шараларын насихаттау.
Аудан және қалаларда өткен семинар-кездесулер өз нәтижесін көрсетуде. Кәсіпкерлікпен айналыстан адамдар саны артып келеді. Небәрі 7 айдың ішінде жаңадан 15 мың кәсіпкерлік субъектісі құрылып, шағын және орта бизнестің саны 160 мыңға жетіп отыр.
Кәсіпкерлікті жүргізу үшін өңірде қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Бизнес үшін қаржылай қолдау шаралары қолжетімді. «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары кәсіпкерлерге үлкен серпін беріп жатыр. Осы бағдарламалар арқылы кәсіпкерлер 17 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиелерді пайдаланды. Жалпы, бағдарламаларды орындау бойынша өңір республикада алғашқы үштіктің қатарында келеді.
Бұдан басқа жергілікті деңгейде жас кәсіпкерлер және стартап жобаларды қолдау үшін қажетті бағдарламалар қабылданған. Мәселен, кәсіпкерлер жаңадан құрылған «Атамекен-Түркістан» микроқаржы ұйымы арқылы жеңілдетілген 6%-бен несие ала алады. Бүгінде бұл мүмкіндікті кәсіпкерлер ұтымды пайдаланып, 1,8 млрд. теңгеге қаржыланып отыр.
Несиені алу кезіндегі басты шарт – кепілзаттың болуы. Көптеген кәсіпкер осы тұрғыда қиындыққа тап болады. Осы мақсатта елімізде алғашқы болып үлкен кәсіпкерлердің қолдауымен «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы бастау алған болатын. Жоба арқылы үлкен кәсіпкерлер кіші кәсіпкерлерге көмектеседі. Қазірдің өзінде 20-дан астам стартап жаңа жоба үлкен бизнес өкілдерінің қолдауына ие болды.
Кәсіппен айналысамын деген жанға бағыт-бағдар беру үшін ақысыз негізде жұмыс істейтін «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының» филиалдары барлық аудан және қалаларда орналасқан.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі