ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӨГАЛДАҒЫ ХОККЕЙ СПОРТЫ ДАМЫТЫЛА БАСТАДЫ
Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауылдық округінде орналасқан «GREEN SCHOOL» инновациялық жайлы мектебінде көгалдағы хоккей спорт түрінен үйірме ашылды.
Аталмыш спорт түрін Сайрам ауданында қолға алу туралы шешім кездейсоқ қабылданған жоқ. Аудан әкімі Арман Сәбитовтің Қазақстан Республикасының көгалдағы хоккей федерациясына жолдаған ұсыныс хатына сәйкес, бұл спорт түрін дамыту жұмысы басталып кетті.
«Көгалдағы хоккейдің тарихы тым тереңде. 1908 жылғы Олимпиада ойындары бағдарламасына еніп, елімізде 1960 жылдары қарқынды қанат жая бастады. Бүгінгі таңда онда «GREEN SCHOOL» инновациялық жайлы мектебі мен Көмешбұлақ мектебін қоса алғанда 80-ге жуық оқушы бар. «Ақсу» жекпе-жек спорт клубының жаттықтырушылары ұл-қыздардан құралған екі топпен жұмыс атқаруда. Биыл 25 қазанда басталатын Қазақстан біріншілігіне алғаш рет командамызды қатыстырып, бағымызды сынау жоспарымызда бар», деді Сайрам аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мади Нұрлыбаев.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі