ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҚТАРЫ САЛЫНЫП ЖАТЫР
Түркістан облысында 99 296 мүгедектігі бар адам есепте тұр. Оның ішінде 84 206 адам 18 жастан асқандар, 15 020 адам мүмкіндігі шектеулі балалар. Түркістан облысында әлеуметтік қорғау саласында стационарлық және жартылай стационарлық жағдайлардағы арнаулы әлеуметтік қызметтер түрлерін алуға құқылы 34 370 мүгедектігі бар адам тіркеуге алынған. Солардың 1349 адамы жыл басынан бері аталған қызмет түрлерімен қамтылған.
Оңалту орталықтарының және әлеуметтік нысандарының құрылысы туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында талқыланды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты 14 мекеме қызмет көрсетеді. Оның ішінде 4 стацинарлық үлгідегі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары жұмыс жасаса, жартылай стационарлық үлгідегі 6 оңалту орталықтарында жалпы саны 240 мүмкіндігі шектеулі жанға қызмет көрсетіледі.
Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылында ересек мүгедектігі бар адамдарға арналған 200 орындық оңалту орталығының құрылысы аяқталуда. Оған қоса ауданда өткен жылы құрылысы басталған 50 орындық тірек-қимылы бұзылған мүгедектігі бар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік орталығы салынып жатыр. Мердігер мекеме «KAZ Intel Group» ЖШС. Құрылыстың жалпы құны 3,2 млрд.теңгені құрайды. Орталықтың құрылыс жұмыстары 2025 жылға өтпелі.
Биыл облыс көлемінде «Аутизм орталығын» құру қаралып, бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Орталық күндізгі уақытта 3-18 жас аралығындағы аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді деп жоспарлануда. Жоспарға сәйкес жалға алынған ғимаратта құрылыс жөндеу жұмыстары аяқталған соң жыл соңына дейін жаңа орталық құрылмақ. Орталық заманауи құрал-жабдықтар мен озық үлгідегі әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы аутизм және басқа да ментальді ауытқуы бар балаларға қызмет көрсететін болады.
Түркістан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, облыс көлемінде 236 727 зейнеткер тіркелген. Оның 11- і Ұлы Отан соғысының ардагері, 6 573-і тыл ардагері, 229,4 мыңы зейнеткерлер, қалған 62,8 мыңы көпбалалы батыр аналар.
Сонымен қатар аға ұрпақты әлеуметтік қорғау мақсатында бейімдеу және сауықтыруға арналған «Мейір» ардагерлер үйі мен «Ардагерлер үйінде» жыл сайын 8 мыңға жуық қария денсаулығын түзеуге мүмкіндік алып келеді. Қазіргі таңда зейнеткерлерге лайықты әлеуметтік қолдау көрсету үшін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында замануи талаптарға сәйкестендірілген ғимарат салу көзделуде.
2023 жылдың екінші жартылдығынан бастап Түркістан облысы әкімдігінің қаулысымен облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» құрылып, облыстың 17 аудан, қаласында «Мансап орталықтары» іске қосылған. Келесі жылдан бастап Мансап орталықтарының ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі