ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ ТАСҚЫНЫНА ҚАРСЫ ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ

Түркістан облысында тасқынға қарсы қазіргі таңда 125 мың дана қап, 8 мың тонна жанар-жағармай, азық-түлік қоры мен 300-ге жуық инженерлік техника әзірленген. Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар департаментінің 175 жеке құрамы, «Тұран су» мекемесінің 40 бірлік инженерлік техникасы дайындыққа келтірілген. Бұл жайында облыстың ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Нұрлыбек Рахымбердиев мәлімдеді.
«Бұған дейін күрделі жағдайда тұрған Қапшағай, Ырмақ өзені, Майдантал суқоймалары күрделі және ағымдағы жөндеуден өтті. Сырдария өзенінің жағдайы тұрақты. Ал Шардара суқоймасы мен Көксарай су реттегішінде тасқын суды қабылдауға шамамен 2,8 млрд. текше метр бос қор бар. Қазіргі жиналып жатқан су көлемін есепке алсақ, тасқын кезеңінен қауіпсіз өтеміз деген болжам бар. Сонымен қатар, өзендер мен суқоймаларға күнделікті мониторинг жүргізілуде. Бүгінгі таңда суқоймалардың толуы 34 пайызға жетіп, өзендерде су көлемі орта деңгейден төмен ағуда. Қазір тауға жиналған қардың қоры аз және жер қыртысында тоң жоқ. Дегенмен, «Қазгидрометтің» ақпан-наурыз айларына жасалған болжамында ақпан айында облысымыздың барлық аймағында түсетін жауын-шашын көлемі нормадан жоғары болатындығы көрсетілген. Осыған байланысты таулы аймақтағы және Арыс, Бадам, Боралдай, Келес өзені бойындағы аудандардағы қауіпті аймақтарды қайта зерделеп, қауіптің алдын алу жұмыстары басталып кетті»,- деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, брифингте Түркістан облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Асанғали Төлепбергенов 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымымен салыстырғанда өрт саны 74%-ға көбейгенін жеткізді. Осыған орай облыс тұрындарын өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі