ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША КАНАЛДАР ТАЗАЛАНЫП, СУ НЫСАНДАРЫНДА ҚАУІПСІЗДІК КҮШЕЙТІЛДІ
Түркістан облысында көктемгі су тасқынына дайындық жұмысы күшейтіле түсті. Аталған мәселе облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауапты мекеме басшылары мен аудан, қала әкімдеріне су тасқынына қарсы дайындықты күшейтіп, жұмысты сапалы атқаруды тапсырды.
– Су басу қаупі бар аймақтарды түгел зерделеп, қауіпсіздікті күшейтіңіздер. Өңірдегі су қоймалар, каналдар, өзендер мен көлдер, жалпы су нысандары қатаң бақылауда болуы тиіс. Немқұрайдылыққа жол берілмесін. «Шардара» су қоймасын бақылауда ұстап, аймақтағы су нысандары бойынша бекітілген іс-шараларды жүйелі атқарыңыздар, – деген Нұралхан Көшеров аталған мәселеге байланысты аудан, қала әкімдері мен жауапты құрылым басшыларының есептерін тыңдады. Нақты міндеттер жүктеді.
Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Асқар Төлешевтің айтуынша, бүгінгі таңда «2024-2025 жылғы қыс-көктемгі су тасқынына қарсы инженерлік іс-шаралар» жоспарының 28 іс-шарасы толығымен аяқталып, 3 іс-шара бойынша жұмыстар жалғасуда. Аяқталған 28 іс-шараның нәтижесінде 68,2 шақырым қашыртқы арналар механикалық тазалаудан өткен. Келес ауданында арық-атыздың 14 шақырымы қоқыстан тазартылды. Сарыағаш қаласында каналдардың 350 метрі бетондалған. Сайрам ауданындағы Арыс өзенінде 500 метр арнаны түзету жұмыстары жүргізіліп, Сауран, Отырар аудандарында 5 тоспа орнатылған. Атқарылған жұмыстар бүгіннің өзінде жоғары нәтижесін беруде.
Сонымен қатар «2024-2025 жылғы күз-көктемгі су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу іс-шараларын жүргізу» жоспары аясында 461 шақырым арықтар (саны – 1203), жалпы ұзындығы 654 шақырымды құрайтын 165 канал, 30 шақырым дюбинг-өткелдер тазалаудан өткізілген.
Аталған жұмыстарды жүргізуге 263 техника жұмылдырылған. Бұдан бөлек, су тақыны кезеңіне 109 мың қап, 1416 тонна инертті материалдар дайындалды. Төтенше жағдай қауіпі туындағанда ыстық тамақ пен тұрмыстық қажеттіліктер үшін кәсіпкерлермен меморандум түзіліп, 141 тонна жанар — жағармай дайындалған. Республикалық, облыстық маңыздағы жолдардағы жалпы 5 123 өткелдің (оның ішінде 4 591 құбыр, 532 көпір) 4098-і тазаланса, темір жол астындағы жалпы 353 өткелдің (оның ішінде 231 құбыр, 122 көпір) 282-сі қоқыстан тазаланған.
Облыс аумағында жалпы 42 су қоймасы орналасқан. Су қоймалардың орташа толу деңгейі 33 %-ды құрайды. Бүгінге «Шардара» су қоймасына секундына 1215 текше метр су келіп, қоймадан жалпы 1305 текше метр су шығарылуда. Нақты көлемі 86 пайызға жетті.
Мәжілісте «Қазсушар» РМК Түркістан филианың директоры Қазыбек Бедебаевтың да баяндамасы тыңдалып, су нысандарына қатысты жобаларды уақтылы әрі сапалы атқару жөнінде ұсыныс берілді.
Айта кетейік, облыста көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жалпы 1064 жеке құрам, 124 техника, 11 қайық пен 92 мотопомпа дайындыққа келтірілген. Көктемгі су тасқынына қарсы дайындық барысы облыс әкімдігінің қатаң бақылауына алынған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі