ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА 7 ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАН АШЫЛДЫ
Түркістан облысында биыл жалпы мемлекет есебінен 33 мектептің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда 7-і ел игілігіне тапсырылса, жыл соңына дейін 13 мектеп пайдалануға берілетін болады. Одан бөлек, 6 230 оқушыға шақталған 35 жекеменшік мектеп пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде 2023-2025 жылдары облыста 49 мың оқушыға шақталған 63 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған.
Осы орайда бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында Төлеби ауданында Шомшақты жалпы орта мектебінің жаңа ғимараты ашылды. Мектепте 220 оқушы екі ауысымда білім алады. Одан бөлек, Келес ауданындағы №46 Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің 300 орындық қосымша жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Ордабасы ауданындағы Шұбар ауыл округі, Аққойлы елді мекенінде 100 орындық жалпы орта мектебі қолданысқа берілді. Сонымен қатар, Сарыағаш ауданы Құркелес ауылдық округінің Нұрлы жол елді мекеніндегі №50 А.Омаров атындағы 300 орындық мектептің жаңа ғимараты ашылды. Бүгінгі таңда, 300 оқушыға арналған мектепте оқушылардың алаңсыз білім алуына қолайлы жағдай жасалған.
Тәуелсіздік қарсаңында Сайрам ауданы, Ақбұлақ ауылында екі қабатты мәдениет үйі ашылды. Қазіргі таңда аудан бойынша осымен 11 мәдениет үйі бар. Бұдан бөлек, Қазығұрт ауданы Шанақ елді мекенінде 200 орындық мәдениет үйі ел игілігіне берілді. Алдағы уақытта аталған ғимаратта кітапхана мен мәдени үйірмелер жұмыс істейтін болады. Жалпы Түркістан облысында биыл 14 мәдениет нысанын пайдалануға беру жоспарланған. Соның ішінде бұған дейін 1 кітапхана мен 9 мәдениет үйі тапсырылса, жыл соңына дейін Мақтаарал және Қазығұрт, Шардара аудандарында 4 мәдениет үйі ашылады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі